МТРА жаңалықтарыТуризм

Айыртау ауданында туристік маусымның ашылуы өтті

СҚО-да жазғы туристік маусым ашылды. Салтанатты шара дәстүр бойынша Шалқар-Имантау курорттық аймағында өтті.

Шалқар-Имантау төңірегінің сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Табиғаты тамсандырған өлкеге демалушылар, тіпті, шетелден іздеп келеді. Аталған аумақта туристік бағытты дамыту соңғы жылдары мықтап қолға алынды деді туристік маусымның ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі
– Шалқар-Имантау курорттық аймағы – қазақстандықтардың ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Сондықтан, осы жерде туристік бағытты дамыту үшін біз инфрақұрылым алып келуіміз қажет, адамдарға жақсы жағдай жасалу керек. Бүгінде бізде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да, жоспарлар да көп. Мысалы, Шалқар-Имантауға инвесторлар келіп, өз жобаларын жүзеге асырса біз оларға қаржының 10 пайызын қайтарып беруге дайынбыз.

Курорттық аймақта бизнесін дамытқысы келетін іскер жандар жетерлік. Солардың бірі – Айыртау ауданының тумасы Дамир Баимбетов. Жас бизнесмен Шалқар көлінің маңында жылжымалы қонақ үй орналастырған. Іскер жан осындай төрт дөңгелекті баспаналардың 10 шақтысын әкеліп, демалушыларға жалға бермек ойда. Ол үшін, әрине, тұрақты жер қажет. Бұл мәселені ол министрмен талқылады.

Дамир Баимбетов, кәсіпкер
– Жаңа ғана өз жобамды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ұсындым. Министрге менің жобам ұнады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көреміз деген ойдамын. Бұған дейін осындай жылжымалы үйлерді Бурабайда қойған болатынбыз. Адамдар тарапынан сұраныс өте жоғары. Бір төрт дөңгелекті баспананың жалпы құны 7 млн теңгені құрайды. Бір тәулікке жалға аламын деушілер үшін үйдің құны 50 мың теңгеден аспайды.

Әзірге, Шалқар көлінің жағасында мұндай аса жайлы үйдің екеуі тұр. Жалға алу құны арзан емес. Өйткені, ішінде демалуға келген адамға қажеттінің бәрі бар дейді иесі.

Жалпы, бүгінде Шалқар-Имантау курорттық аймағында 44 демалыс нысаны бар. Олардың көбі туристерді жазда ғана емес, қыста да қабылдауға қауқарлы.

Аманбек Махметов, Айыртау ауданы туризм бөлімінің басшысы:
– Олар жалпы, күніне 3 жарым мың адамды қабылдай алады. Соңғы 3 жылда туристердің саны 2 есеге артты. Биыл тағы 13 нысан іске қосылмақ. Нәтижесінде жаңадан 480 демалыс орны пайда болмақ. Біздің курорттық индустрияның әлеуеті өте жоғары.

Туристік маусымның ашылу салтанаты “Турпан” демалыс аймағында өтті. Ашық аспан астында жергілікті тұрғындар мен алыстан келген туристерге солтүстікқазақстандық шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етті.

Концерттен бөлек, жазғы туристік маусымның ашылуына орай көлдің жағасында ерекше көрме де қанат жайды. Жәрмеңкеде кішкентай кәдесыйлықтардан бастап үлкен тартулар саудаға шығарылды.

Шынарбек Батырхан, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы
-Біз Шалқар көлінің жағасына 2 бірдей көрме әкелдік.

Сондай-ақ, көлдің жағасында түрлі ойындар да ұйымдастырлыды. Бірі үстел теннисінен бақтарын сынаса, енді бірі мергендіктерін байқап садақ атты. Ал мына жақта жастар волейбол ойнап жатыр.

Айыртаудың таза ауасын жұтып, демалысын әсем табиғат аясында өткізу үшін жиылған жұрттың қарасы қалың. Келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған.

Шалқар көлінің жағасындағы концерт кешкі 9-ға дейін жалғасты. Ауқымды бағдарлама Fire-show-мен аяқталды.


Дана Ешкенова