Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды

МТРА жаңалықтары

17:32 24 Маусым 2022
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мамлют ауданындағы Қызыләскер ауылында болды. Мұнда Құмар Ақсақалов халықпен жүздесіп, өңірде атқарылған шаруа бойынша есеп берді және жоспармен бөлісті. Елді мекен тұрғындары оң өзгерісті асыға күтіп отыр. Олар бірқатар әлеуметтік мәселенің шешілгенін қалайды. Мысалы, Қызыләскер-Меңкесер-Раздольное арасындағы 8 шақырым жол жөнделсе дейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бізге Қызыләскерге апаратын жолды жөндеу қажет. Бұл шаруамен айналысамыз. Осы орайда сіздерден төселген асфальтты күтіп ұстауды сұраймын. Трассада ауыр жүк көліктері жүрмеуі тиіс. Мұны, әсіресе, агроқұрылым басшылары құлақтарына құйып алсын.

“Қызыләскер” серіктестігінің басшысы Валерий Кейсарчук бұны ғана емес, өзге де айтылғанды қойын дәптеріне түртіп алуы тиіс. Себебі, ол ауылға жөнді көмек көрсетпей отырғанға ұқсайды. Бұлтартпас дәлелді Құмар Ақсақалов алдындағы қағазға қарап келтірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы 5 жыл ішінде “Қызыләскер” серіктестігі мемлекеттен 558 млн теңге субсидия алған. Ал төлеген салықтары – 273 млн теңге. Енді мынаған назар аударыңыздар. 2017 жылдан бері агроқұрылым ауылды дамытуға 27 млн теңге ғана бөлген.

Мұндайды халық күтпегені анық. Миллиондар тілге тиек етілгенде залда таңырқап қалғандар көп болды. Көп ұзамай ортаға серіктестіктің директоры да шықты. Оны жұртшылықтың бір бөлігі қолдады, екінші жартысы сынады. Ортақ пікір болмағасын қос тарап дауласып та алды.

Бірлік бар жерде тірлік бар! Мәселені сабырмен, ақылмен шешкен жөн. Осыны түсінген жұртшылық дауды тоқтатып, өз проблемаларын ортаға салды.

ИНТЕРШУМ:
–  Әкем – зейнеткер. Агроқұрылымның пайшысы. Бірақ, пай ала алмай отыр. Осының себебін білгім келеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Барынша адамдарға көмектесу керек. Бір ауылда тұрғасын тиісті еншіні дұрыс бөлген жөн. Сонда ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын.

Ал серіктестік басшысы пайды толық көлемде үлестірдім дейді. Сөзіне сенсек, малға жұғымды деген өнімді халыққа таратып, өз төрт түлігіне сапасы нашарын берген екен. Бұл жиында көтерілген жалғыз мәселе емес. Халық өте белсенді болды. Олар түрлі проблеманы орға салды.

ИНТЕРШУМ:
–  Судың тарифі барлығымызды таңқалдырып отыр. Тіршілік көзінің бір текше метрі үшін 500 теңге төлейміз. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын.

Қазір Қызыләскерде 500-ден астам адам тұрады. Ал үйлердің саны 150-ге жуықтайды. Бүгінгі дейін соның 50-іне су кіргізіліпті. Өкінішке қарай, тіршілік көзінің бағасы көпшіліктің қалтасын қағып отыр екен. Жағдайды ауылдық округтің әкімі Қарлығаш Усманова былай түсіндірді.

ҚАРЛЫҒАШ УСМАНОВА – Қызыләскер ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы
– Біздегі құбырлардың тозуы байқалады. Сызат түсу, істен шығу сынды жайттар тіркелді. Осы себепті, Мамлютка қаласында тұратын маманмен келісімге отырдық. Қандай да бір ақау орын алса, ол ауылға келіп, жөндеу жұмысын жүргізеді. Тиісінше, біз оған ақша төлейміз.

Яғни, су бағасы осы себепті жоғары. Құмар Ақсақалов мәселені серіктестік басшысы арқылы шешу қажет дейді. Мысалы, іргедегі Меңкесер ауылындағы агроқұрылым үйлерге тіршілік көзін кіргізіпті, қазір құбырларға тиісті қызмет те көрсетіп отыр екен. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде халықтан аса көп ақша шықпайды. Мұндағы тариф 140 теңгенің маңында көрінеді. Валерий Кейсарчук бұл тәжірибені қолдануға келісім берді. Ал келесі мәселе Қызыләскердегі мәдениет үйіне қатысты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз нысанды жөндеу үшін ақша бөлдік. Ашып, келушілерді қабылдаудың орнына, сіздер есікті құлыптап қоясыздар. Мұны қалай түсінуге болады. Аудан әкіміне және ауылдық округ әкіміне ескерту жасаймын.

Тиісті ақша бөлініп, ауылдағы көшелерге жарық шамдары орнатылыпты. Бірақ, көпшілігі жанбай тұрған көрінеді. Облыс әкімі бұл мәселені бақылауға алып, тиісті тексеріс жүргізу қажеттігін айтты. Елді мекенге медициналық пункт те керек. Жиын барысында денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Құмар Күсемісов биыл нысан ашылатынын айтты. 2 сағаттан астам уақытқа созылған жиынды аймақ басшысы қорытындылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Адамдар үшін тиісті жағдай жасалуы қажет. Бұған мемлекетпен қоса агроқұрылым басшылары да жауапты. Сіздер көмек қолын созсаңыздар, ауылдарда біраз мәселе шешімін табады. Осыны үнемі естеріңізге сақтаңыздар. Өз кезегінде халық та бүгінгідей белсенді болуы тиіс. Жиі жиналыс ұйымдастырып, қордаланған проблемаларды көтерулері қажет. Сонда ғана елді мекендер дамиды.

Мамлют ауданынан соң облыс әкімі Жамбыл ауданына барып, халықпен кездесті.


Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

МТРК жаңалықтары 14.07.2022
Қала тұрғыны экзотикалық құс өсірумен айналысады
Қызылжар ауданында 23 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Интернет-алаяқтардың жаңа әдісі күшейіп барады
«Sensitive» би таетры финалға өтті
Өткен жылы 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырған
8 жастағы қызды зорлаған күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Солтүстікқазақстандықтар Сібір агротехникалық көрмесіне қатысты
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында call-орталық ашылды
МТРК жаңалықтары 19.07.2022
СҚО-ғы ет өңдеушілердің жартысы банкротқа ұшырады
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылы іске қосылады