МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі мол міндет. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, халықтың әл-ауқатының артуына ат салысып жүрген мамандар бүгін төл мерекелері қарсаңында қошеметке бөленді. Облыс орталығында өткен жиын барысында алғаш болып аймақ басшысының орынбасары Ғани Нығыметов сөз алып, жиналғандарға өз тілегін айтты.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Барлығымыздың мақсатымыз – ел үмітін ақтау. Сіздер жинаған тәжірибелеріңіз арқылы осы жолда адал қызмет етеді деп сенемін.

Шара барысында ұзақ жылғы қажырлы еңбегімен халықтың алғысын алған мамандар қошеметке бөленді. Марапатталғандардың қатарында Сәуле Балпышева есімді жерлесіміз де бар. Оған адал еңбегі мен мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы табысталды.

Сәуле Балпышева, Ноғайбай би ауылдық округі әкімдігінің бас маманы, М.Жұмабаев ауданы:
– Еңбегімді бағалағандарыңыз үшін рақмет. Барлығыңыздың жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Жаңа Қазақстан гүлдене берсін.

Бүгінгі іс-шарада марапатталғандардың қатарында ақхалатты жандар да болды. Шолпан Байқабекова 20 жылдан аса балалар дәрігері болып жұмыс істейді екен. Қазіргі күні педиатрдың еңбегіне халық тарапынан көп алғыс айтылып жатқан көрінеді. Осыған орай оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Шапағат» медалі табысталды.

Шолпан Байқабекова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатры:
– Мен 22 жылдан бері педиатр болып қызмет етіп келемін. Оқуымды тәмамдай салысымен Айыртау ауданына барып жұмыс істедім. Қазіргі күні облыстық көпсалалы балалар ауруханасындамын. Балалар – елдің болашағы. Сол себепті, олардың денінің сау әрі мықты болғаны маңызды. Бұл мақсатта біз қажырлы еңбек етуіміз қажет. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілер мерекесі қарсаңында 20-ға жуық маман марапатталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Бердимурат Баймухан