МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметкерлерді құттықтау

Бүгін – Мемлекеттік қызметкерлер күні. «АМАНАТ» партиясының облыстық филиалының өкілдері маңдайалды мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, “АМАНАТ” партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы
– Сіздердің иықтарыңызға мемлекеттік қызметтің, халыққа қызмет етудің ауыр жүгі түсіп отыр. Соның барлығын, шыны керек, бір механизм ретінде, бір жүйе ретінде абыроймен атқарып келе жатырсыздар. Бұл оңай шаруа емес.

Баймағамбет Қайыров – Жамбыл ауданындағы Пресноредутский ауылдық округінің әкімі. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніне – 18 жыл. Оның 9 жылын округ әкімі болып қызмет атқаруда. Аталған округке 4 ауыл кіреді. Халқының саны 700-ден асады.
Тұрғындардың сенімін ақтаған Баймағамбет Қайыров биыл округ әкімі лауазымына қайта сайланған екен. Бүгін ұзақ жылғы адал еңбегі үшін маман “АМАНАТ” партиясының Алғыс хатымен марапатталды.

БАЙМАҒАМБЕТ ҚАЙЫРОВ, Жамбыл ауданының округ әкімі:
– Біз халықпен тығыз жұмыс істейміз. Округті дамыту жөніндегі жоспар ауқымды, жұмыс көп. Қазіргі уақытта округте мектеп жөнделіп жатыр. Мал қорымына қатысты мәселені шешуге ақша бөлінді. Алдағы уақытта 12 шақырым жол салғымыз келеді.

Бүгінгі марапаттау жиынына 10 адам қатысты. Маңдайалды мамандарға «АМАНАТ» партиясының атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, “АМАНАТ” партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызмет бірнеше рет реформаланды. Бұл мемлекеттік басқаруды тиімді етуге ықпал етті. Осы уақыт аралығында мемлекеттік саясатты табысты, дұрыс әрі тиімді жүргізетін мемлекеттік қызметшілердің бір буыны өсіп шықты. Қазіргі нәтижелер көңіл қуантады. Қажырлы еңбектеріңіз үшін “АМАНАТ” партиясы атынан алғысымызды білдіреміз.

Өңірде бүгінде 500-ге жуық мемлекеттік орган бар болса, соның барлығында 5 мыңға жуық маман жұмыс істейді.

Самал Жунусова