МТРА жаңалықтары

Петропавл тұрғыны мүгедектер арбасынан хэндбайк жасады

Рүстем Шариев бірнеше жыл бұрын жұмыста екі аяғы мен саусақтарынан айырылған. 2017 жылы бірінші топтағы мүгедектік алады. 41 жастағы ер азамат өмірден үмітін үзген жоқ. Төрт қабырғаға қамалмайын деп жасанды аяқ пен мүгедек арбасын жасауға кіріседі. Өмірге деген талпынысының арқасында ойы жүзеге асып, қазір өзі жасап алған жабдықтардың көмегімен көшеде серуендейді, дүкенге барады.

РҮСТЕМ ШАРИЕВ, қала тұрғыны:
– Жасанды аяқ жасау үшін кәдімгі шлангты кесіп, оны резеңке етіктің ішіне кіргіздім. Кейін аяғыма киіп, оны қалыңдау жіппен байладым. Өз аяғымдай бірден жүріп кеттім. Мемлекеттен протез алу үшін ұзақ уақыт бойы медициналық тексерістен өту керек. Сондықтан, уақытымды босқа өткзбей, өзім-ақ жасауды шештім.

Жасанды протездің көмегімен Рүстем Шариев үшінші қабаттан өзі түседі. Кейін баспалдақпен өзі көтеріледі. Ал көшеде жүргенде ыңғайлы болу үшін осындай хэндбайк құрастырған. Оның баламасын YouTube-тан көріп алған екен. Бұндай дүние Қазақстан жасалмайды. Тек басқа елден тапсырыс беріп алдырту қажет. Оған қаражатым жоқ дейді петропавлдық. Сондықтан, өзі жасауды ұйғарған. Дизайны да қарапайым: велосипедтің бөліктері мүгедек арбасына ендірілген. Тек педальді қолмен айналдырып отыру қажет.

РҮСТЕМ ШАРИЕВ, қала тұрғыны:
– Бұнымен біраз жер жүре аламын. Тіпті, 40-60 шақырымға дейін бара аламын. Дүкенге кіргенде қиындық туындамайды. Автобусқа кіргенде адамдар демеп жібереді. Осындай хэнбайктың спортта да көмегі көп. Өзім әрдайым қозғалыста болғанды ұнатамын.

Ер азамат осындай хэндбайктарды өзіндей батыл жандарға да жасап беруді армандайды. Ерекше арба жасайтын цех ашқысы келеді. Тіпті, стартаптар байқауына қатысуға өтінім беріп қойған екен.

Самал Жунусова