МТРА жаңалықтары

Өңірде қылмыс саны азайды

Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қазіргі күні Петропавлдың өзінде 6 модульдік бекет орнатылған екен. Мамандардың сөзінше мұндай орындар полиция мен халықтың арасын жақындатып, қылмыс сандарының да азаюына септеседі екен. Мәселен, мына бір бекет қаладағы Былғары зауыты кентінде тұрғындардың сұрауы бойынша ашылыпты.

Әлібек Ғабдуллин, қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары:
– Мұндай модульді пункттер қаланың шеткері аудандарында орналастырылып жатыр. Бұл қылмыс санының азаюына септеседі. Мәселен, жыл басынан бері Былғары зауыты кентінде аса ауыр заңбұзушылық фактілері тіркелмеді. Осыдан-ақ, сервистік модельдің тиімділігін байқауға болады.

Модульдік бекеттерден бөлек тәртіп сақшыларына қызметтік үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктері де берілуде. Былтыр ғана қаладағы мамандардың бірі осындай 3 қабатты зәулім баспанаға ие болған екен. Қазір ол осында отбасымен бірге тұрады әрі жұмыс істейді. Жылпы, бұл қосында 7 полицей Жас өркен ықшам ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Жандос Мұхатов, қалалық ПБ бастығы:
– Бұл кезінде жеке үй болған. Ол мемлекеттік бағдарламаның аясында тәртіп сақшыларына берілді. Тұрып және жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалған.

Жалпы, халықтың полицияға қолжетімділігін арттыру үшін қолға алынып жатқан жобалар көп. Қазіргі күні қаланың адам көп шоғырланатын орындарында «102» бағандары да пайда бола бастады. Оның көмегімен телефоны өшіп қалған адам, түймені басып тікелей тәртіп сақшыларына қоңырау соға алады. Айта кеткен жөн, тұрғындар тарапынан түскен қоңырауларды жедел басқару орталығындағы мамандар қабылдайды.

Ерік Құлжанов, СҚО ПД жедел басқару орталығының бастығы:
– Биыл бізге 70 мыңнан астам телефон хабарламасы түсті. Орталығымыздың мамандары 400-ден аса камера арқылы құқықбұзушылықтарды анықтайды.

Еске сала кетейік, өңір тұрғындары тәртіп сақшыларына «102» мобильдік қосымшасы арқылы да арыз-шағымдарын жеткізе алады. Бағдарламаны «PlayMarket» және «AppStore» платформаларынан жүктеп алуға болады.

Бердимурат Баймухан