Туризм

Облыста демалу орындарының саны артып келеді

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:
– Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан суы тұзды әрі мөлдір Шалқар көлі өзінің емдік қасиетімен көпке танымал. Соңғы жылдары мұнда келуші туристердің саны артты. Кеңінен сұранысқа ие көлдің маңында қазіргі күні демалыс орындарының саны да ұлғаюда. Мұнда жасалған жағдаймен қазір танысамыз.

Бұл – Шалқар көлінің жағасында орналасқан «Изумрудное» демалыс базасы. Кешен осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Жыл сайын мұнда туристер үшін көрсетілетін қызмет түрлері мен сапасы да артып келеді. Сондай-ақ, қонақтарды қарсы алатын баспаналар да көбеюде. Сәйкесінше, демалыс орнына келетін тұрақты клиенттердің саны да бірнеше есеге артқан. Мәселен, Гүлмира Мұстафина өткен демалысын отбасымен осында өткізді. Ал биыл әріптестерімен бірге келген.

ГҮЛМИРА МҰСТАФИНА, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Шалқар бізге қатты ұнайды. Біріншіден, табиғаты керемет. Бурабай мен Зерендіден кем түспейді десем артық айтқаным емес. Бұл орынды туристер үшін дамыта беру керек. Суы да тұзды әрі емді. Жыл сайын осында келіп демаламын.

Ал Александр Сорокин болса мұнда балық аулау үшін келеді екен. Азаматтың сөзінше Шалқар Ақтабан, Жайын, Лақа мен Шортан балықтарына бай. Бүгін ол бірнеше алабұға балығын аулап қайты.

АЛЕКСАНДР СОРОКИН, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Біз мұнда бала кезімізден келеміз. Ата-анамыз алып келетін. Бұл жердің суы өте таза. Облыс көлемінде Шалқардан мөлдір көлді әлі кездестірмедім. Қарасаң түбі көрінеді. Балығы да көп.

Жалпы, мұнда жылдың кез келген мезгілінде келіп демалуға болады. Қыста туристер шаңғы мен коньки тепсе, жазда суға шомылып, қайықпен серуендей алады. Моншалар да жұмыс істейді. Ал қонақүйлердің бағасы 15 мыңнан 48 мың теңге аралығын құрайды.

МАРИНА КОРНИЛОВА, “Изумрудное” демалыс базасының әкімшісі:
– Биыл жаңа корпус іске қосылды. Құрылысын былтыр бастадық. Ішінде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жылы да жайлы бөлмелер мен тамақтану орны бар. Шалқардың жағалауында біз алғаш болып дәмхана аштық. Жалпы, қонақ үйлерде 3 адамнан бастап 10 адамға арналған орындар да бар. Сондай-ақ, бізде 1-2 қабатты жеке жер үйлер де бар. Баспананың іші-сырты тұрмысқа қажетты барлық дүниелермен жабдықталған.

Айыртау ауданы өзен-көлге, орман мен тауға да бай. Бұл елді мекеннің табиғаты – демалғысы келген жан үшін таптырмас жер. Қазіргі күні бұл маңды курорттық аймақ ретінде дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Осыған орай туристердің саны жыл санап артып келеді. Шет мемлекеттерден де ат басын бұратындар жетерлік.

Бердимурат Баймухан