МТРА жаңалықтары

Жол сапасы бақылауда



ҚАСЫМ-ЖОМАТ ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті
– Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр.
Иә, мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Алысқа бармай-ақ, «Благовещенка-Қайранкөл» тас жолын алайық. Осыдан бірер жыл бұрын бақандай 600 млн теңге бөлініп, бұл трассаның 18 шақырымын «Kaz Fortis» компаниясы сапасыз жөндеді. Сол кезде істің жүрдім-бардым атқарылғанын арнайы топ өкілдері бірнеше рет анықтады. Тиісті шара қолданылды. Заңға сәйкес хаттама толтырылды, айыппұл салынды. Бірақ, бұған мердігер мойынсұнбады. Енді темір торға тоғытылуы мүмкін.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, Жол активтері ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының директоры:
– Айыппұл салынды. Жолды тексерген “Технадзор”-ға да айыппұл салынды. Енді оларды заң бойынша соттағалы жатыр. Компания өкілдері іздестіріліп жатыр.

Жауапсыз мердігердің кесірінен миллиондар желге ұшты, тақтайдай тегіс трассаны армандаған ағайынның қуанышы су сепкендей басылды. Мұндайды қайталауға болмайды. Бүгінде бұл бағытта Жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстық филиалының қызметкерлері қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған ұйым биыл бейінді басқарма және әкімдіктермен 145 млн теңгеге келісім жасасыпты. Соның аясында мамандар учаскелерге барып, 185 тексеріс жүргізген екен. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға 190-нан астам ескерту жасапты.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, Жол активтері ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының директоры:
– 1-ші категориядағы жолды жөндеуге 3 күн беріледі, 2-ші категориядағы жолға 5 күн беріледі. Жөнделмесе, жол полициясына хат жазамыз. Осыдан соң айыппұл салынады. Тағы жөнделмесе, ГАСК-ке хат жазамыз.

Олқылық түзелмесе, компания жұмысын түпкілікті тоқтады. Өңіріміздің аудандарынан жеткізілетін барлық сынама мына зертханада тексеріледі. Мамандар төселетін және төселген асфальт-бетон қоспасын да сынақтан өткізеді. Мәселен, мына қоспа Айыртаудан әкелініпті. Оны филиал қызметкері арнайы қондырғының көмегімен сынаққа әзірлеп жатыр.

Қоспа жоғары температурада қыздырылып, тығыздалып аз уақыттың ішінде сынамаға айналды. Ол енді екінші қондырғыға салынады. Мұнда әлгі дөңгелек дүниеге 10 тонна салмақ түседі. Осылайша, жол қабатының беріктігі, су өткізгіштігі сынды қасиеттері тексеріледі.

МАРАТ ДӘРІБАЕВ, Жол активтері ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының зертхана меңгерушісі
– Жыл басынан бері біздің зертханаға 287 сынама әкелінді. Бәрін тексердік. 85 сынаманың талапқай сай келмейтіні анықталды.

Сынамалары қабылданбаған мердігерлер жолды қайта жөндейді. Бірақ, іске өз қаржыларын жұмсайды. Сөз соңында мынандай дерекпен бөлісейік. Биыл өңірімізде 800 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.


Байболат Култанов