МТРА жаңалықтары

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы»

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы». Бүгін облыс орталығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының төңірегінде дөңгелек үстел жиыны өтті. Шара барысында мамандар қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық сананы жаңғырту әлеуеті жайлы сөз қозғады. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов мемлекеттік қызметшілерді алдағы төл мерекелерімен құттықтады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– 23 маусым күні БҰҰ деңгейінде Мемлекеттік қызметкерлер күні аталып өтеді. Осы орайда сіздерді облыс әкімінің атынан құттықтаймын.

Жиын барысында мамандар мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы міндеттері туралы айтып, өткен жұмыстарын қорытындылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі туралы да сөз қозғады. Естеріңізге сала кетейік, бұл мәселені ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16-шы маусым күні өткен Ұлттық құрылтайда тілге тиек еткен болатын. Өз сөзінде ел басшысы ел ішінде орын алып жатқан оң өзгерістерге тоқтала отырып, қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген кадр, яғни мамандар мәселесіне назар аударды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес.

Согдай-ақ, «Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы. Президенттің сөзін жиынға қатысқан ғалымдар мен қазыналы аға буын өкілдері де қолдап, өз пікірлерін айтты.

АНАТОЛИЙ БАШМАКОВ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы СҚО бойынша филиалының аға оқытушысы:

– Бүгінгі күнде маңызды міндет – халықты сақтау деп ойлаймын. Бұл мәселені демографиямен ғана байланыстыруға болмайды. Мен бұл ұғымға адамның рухани-адамгершілік аспектісі мен дүниетанымын, ұлттық кодтың, дәстүрлердің сақталуын, қоғамдық сананың жаңғыруын енгіземін. Бұл біздің ұлтымызды ұйыстырып, жастардың патриоттық рухын арттырады.

Осы аталған құндылықтардың барлығын өскелең ұрпақтың бойына дарыту – біздің парызымыз. Сонда ғана ел тәуелсіздігі баянды да ғұмырлы болмақ дейді Анатолий Башмаков. Жалпы, жиын барысында өзге де өңірлерден мамандар онлайн байланыс арқылы қосылып өзара тәжірибе алмасты.


Бердимурат Баймухан