МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданының даму барысы

Өңір басшысы жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды. Мұнда Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылу барысымен танысты.Арықбалық мәдениет үйі осыдан 36 жыл бұрын ашылған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Ақ түйенің қарны жарылар күні туды. Осы кезге дейін төбеден су аққан, қабырғалары жарылған, іші суық нысан биыл қайта қалыпқа келтіріледі. Шаруаға “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 млн теңге бөлініп отыр. Іспен танысу үшін арнайы ат басын бұрған аймақ басшысы ғимаратта өткен ғасырдың стилін сақтап қалу аса маңызды екенін тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің құрылысшылар нысанды заманауи үлгідегі плиткамен қаптағылары келеді. Мен ғимараттың дизайнын өзгертпеуді сұрап отырмын. Мына кірпіштің қаланғанына 200 жыл болған. Оны бұзбау қажет. Тек құлаған жерлерін ғана жөндеген жөн. Мұнда келген адам өткен ғасырды көз алдына келтіруі тиіс. Ал біздікілер жауып тастағылары келеді.

Құрылысшылар аймақ басшысының кеңесіне құлақ асуға уәде берді. 2024 жылы Арықбалық ауылының құрылғанына 200 жыл толады. Мәдениет үйінің жөнделуі жергілікті тұрғындарға тамаша сыйлық болмақ.

ВИКТОР ШУХОВЦОВ, Арықбалық ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
– Ауыл халқы өте риза. Жөндеу жұмысының басталуы біздер үшін, әсіресе, мәдениет саласы қызметкерлері үшін үлкен мереке деуге болады. Енді елді мекендегі іс-шаралардың барлығы осы жерде өтеді. Жастар тартылады. Бұл керемет емес пе? Баршамыз қуаныштымыз.

Осы күндері Лобаново ауылындағы “Зейнеп” жоғары көпсалалы ауылшаруашылық колледжі де күрделі жөндеу көріп жатыр. Бұл нысан бірнеше жыл бойы бос тұрды. Жергілікті билік оны сенімді басқаруға берген соң тамырына қайтадан қан жүгірді. Кәсіпкер білім ордасын ашу үшін қыруар қаржы құйыпты. Алдағы уақытта мұнда бастауыш сынып мұғалімдері, бағдарламашылар, менеджерлер мен механизаторлар даярланбақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мұнда мұғалімдерді даярлау орталығы да құрылады. Яғни, біз жастарға білім береміз және ұстаздарды даярлықтан өткіземіз. Бұрындары маңызды іске облыстық қазынадан қаржы қарастырылмады. Ал жеке кәсіпкердің келуімен мәселе шешіле бастады. Бұл болашағы жақсы бизнес-жоба болмақ.

Болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір жоба Антоновкада жүзеге асырылып жатыр. Ауылда 250 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасы салынуда. 20-ға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болатын нысанда жылына 2 мың тонна сүт өндірілмек. Кәсіпкер іске 765 млн теңге бағыттапты. Кешен 3-ші тоқсанда ашылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кешен ашылысымен 18 адам жылдық жұмыспен қамтылады, қазынаға салық түседі. Сүт өндірісі – үлкен әрі табысты бизнес. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмендесе де, ақтың құны ешқашан төмендемейді және ол үнемі сұраныста болады. Қазір сүт зауыттары өнімді жоғары бағамен сатып алады. Сондықтан, біз жыл сайын бірнеше ферма тапсыруға тырысудамыз.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Антоновка селосындағы жол жөндеу жұмыстарын да байқады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мұнда соңғы жылдары 11 шақырым қалыпқа келтірілген. Бұл – жалпы көрсеткіштің 75 пайызы. Қазір елді мекенде 2 көше жөнделіп жатыр екен. Ал «Шалқар су» демалыс орнында жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталып, әлі аяқталар емес. Бәріне себепші алқымнан алған коронавирус инфекциясы көрінеді. Кәсіпкер шаруаны 2023-те толық аяқтап, келушілерді қабылдауды жоспарлап отыр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Яғни, тек қабырғалар қалады, қалғанының бәрі жаңаланады. Бұл – жиһаз, медициналық жабдықтар, сантехника, қолданылатын барлық материалдар, едендер, есіктер және т.б

Бұдан соң, Құмар Ақсақалов Төменгі Бұрлық елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Қорадағы төрт түлігімен күнелтіп отырған халықтың басты проблемасы – мал азығының қымбатқа сатылуы. Сөздерінше, жергілікті кәсіпкер өз жұмысшыларына шөпті арзанға сатады. Ал өзгерелерге нарықтық бағамен саудалайды. Мұндайға жол берілмеуі тиіс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздер – бір ауылдың тұрғындарысыздар, бөліну деген болмауы тиіс. Бұл олқылықты жою қажет. Яғни, елді мекендегі барлық адамды шөппен қамтамасыз ету керек. Директор осыны ескерсін.

Айта-айта жауыр болған тағы бір мәселе – қоғамдық көліктің жоқтығы. Қазір елді мекен халқы аудан орталығына немесе Петропавлға жету үшін қыруар қаржы шығарып, көлік жалдайды екен. Осы орайда “көпті алаңдатқан проблемаға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тарту керек” деген ой айтты Құмар Ақсақалов. Бұл идеяны аграрий қолдады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Біз біреуді іздеп қайтеміз. Бұл жерде алдымен кім қызығушылық танытуы керек? Әрине, кәсіпкер. Тұрғындар аудан орталығына ылғи барып тұруы керек. Бұл шешім көңілдеріңізден шыға ма?

Кейін аймақ басшысы жеке қабылдау өткізді. Құмар Ақсақаловқа бизнесін дамыту үшін несие ала алмай жүр 1 адам жолықты. Бұрын қарыз рәсімдеп, әлі жаппағандықтан, банк жерлесіміздің өтінішін мақұлдамапты. Облыс әкімі мәселені қарастыруға уәде етті.


Байболат Култанов