Спорт

Петропавлда Халықаралық йога күні аталып өтті

Қаланың бас алаңына жиналған халықтың қарасы көп. Кеше Тұңғыш Президент паркінің алдында Халықаралық йога күні аталып өтілді. Мереке қарсаңында мұнда 60-тан астам шаһар тұрғыны білікті мамандардың нұсқауымен Үнді елінің дәстүрлі жаттығуларын жасады.

Жан мен тәнге қуат беретін физикалық жаттығу жасауға Меруерт Самаратова да келген. Йогадан шеберлік сағаты өтетінін нәзікжанды әлеуметтік желіден біліпті. Бүгінгі іс-шарадан ол йога жаттығуларының басқа да түрлерін үйреніп алдым дейді.

Меруерт Самаратова, қала тұрғыны:
– Осындай ауқымды іс-шараға бірінші рет қатысып отырымын. Бойыма жақсы бір қуат алғандай болдым. Алдағы уақытта ұйымдастырылатын болса тағы да келуге дайынмын.

Аталған іс-шара халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бүгін білікті мамандар йоганың 3 түрін қамтыды. Мамандардың сөзінше көрсетілген жаттығулар адамның денсаулығы мен дене бітімін қалыпта ұстауға септеседі.

Эльмира Сәдуақасова, йога жаттықтырушысы:
– Жылдан жылға қалада йогамен айналысатындардың қатары көбеюде. Бұл адамның денсаулығына ғана емес, жүйке жүйесіне де көп пайдасын тигізеді.

Қазіргі күні Петропавлда көбінесе әйел адамдар ғана йогаға барады екен. Бірақ, ер азаматтар тарапынан да қызығушылық танытып жатқандар аз емес сыңайлы. Сол себепті, алдағы уақытта жігіттерге арналған үйірмелер де ашылуы мүмкін.

Бердимурат Баймухан