МТРА жаңалықтары

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында өткен жылғы өңір бюджетінің игерілу жайы сөз болды. Көпке мәлім, былтыр қазынадағы қаражат әжептәуір артты. Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың сөзінше, сома 385 млрд теңге болған. Бұл 2020-дағы көрсеткіштен 27,3 пайызға немесе 82,6 млрд теңгеге көп.

Наталья Дышкант, облыстық қаржы басқармасының басшысы:
– Былтыр әлеуметтік салаға бағыталған шығыстар үлесі 45 пайызды құрады. Осы орайда бірнеше мысал келтіре кеткен жөн. 2021 жылы халықты әлеуметтік қорғауға 3 млрд 943 млн теңге бөлінді. 10 мың 300 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның 6150-ы – бала. Ал кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер 2600-ге тарта балаға үлестірілді. Сонымен қатар, мемлекеттен 8500-ден астам мүмкіндігі шектеулі жанға қолдау танытылады.

Сандарды әрмен қарай сөйлетейік. Былтыр өңір қазынасындағы қаражаттың 1 млрд 300 млн теңгесі игерілмепті. Мәселеге терең бойладық. Сөйтсек, оның 500 млн-ы үнемделген ақша екен. Ал қалған қаржы не себепті іске жаратылмады? Наталья Дышкант былай деді:

Наталья Дышкант, облыстық қаржы басқармасының басшысы:
– 2021 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті үшін әрқайсысы 600 орынға шақталған 2 жатақхананың құрылысы бойынша конкурс өтуі қажет еді. Белгілі бір себептерге байланысты ұйымдастырылмады. Осыған байланысты 540 млн теңге игерілмей қалды.

Яғни, бұл жоба жүзеге асса, игерілмеген қаржының көлемі 300 млн теңгенің маңында болатын еді. Жақында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы өңірдің 11 ауданында болыпты. Жасаған іс-сапарлары барысында Жарасбай Сүлейменов тұрғындармен кездескен екен. Жүздесулерде жарнашылар агроқұрылымдардан жөнді пай берілмеу мәселесін көтеріпті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің бүгінгі күн тәртібінде болды. Өкінішке қарай, қаралмады. Баяндамашы ретінде шақырылған ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев іс-сапарға кетіпті. Алдағы уақытта қаралады деген сенімдеміз. Өйткені, пай үлестіру – қазіргі таңда өңірде өткір тұрған мәселенің бірі.

Байболат Култано