МТРА жаңалықтары

Өңірге «AT TRAVEL» ат клубы экспедициямен келді

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
Бұл жерде ерлігімен есімі ұран болған ұлы жүздің Шапырашты Қарасай батыры және 50 жыл дос болып қазақ жерін бірге қорғап өткен орта жүздің Арғын Ағынтай батыры жерленген. Бірер минуттардан соң мұнда «AT TRAVEL» клубының өкілдері келіп тоқтайды. Экспедиция мүшелері батыр бабаларымыздың рухына құран бағыштап, сапарларын ары қарай жалғастырмақ.

Орман, тау-тас, өзен мен көлді асып сапар шеккен салт аттылар Солтүстік Қазақстан облысына да келіп жетті. Экспедиция елорданың іргесінде орналасқан ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алыпты. Нақтырақ айтсақ, аталған орынның 1250 жылдан астам тарихы бар. Ғалымдар ол жерден ғұн, сақ тайпалары мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген адамдардың сүйектері мен бұйымдық жәдігерлерді тапқан.

Клуб мүшелері Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесінде еліміздің тәуелсіздігі жолында қан төккен ұлы бабаларымыздың рухына Құран бағыштап, дұға арнады. Еліміздің қасиетті орындарын аралаудағы мақсатымыз – халыққа Қазақстанның географиясын басқа қырдан көрсету, сондай-ақ, ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалған аталарымыздың өмір жолын сезіну дейді Дидар Оралбекұлы.

Дидар Оралбекұлы, «AT TRAVEL» салт аттылар клубының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Жаңбыр мен бұршақтың астында да қалған кездеріміз болды. Жол өте қиын. Қазір өркениеттің дамыған заманы болса да жай ғана атпен жүріп өту бізге ауыр екенін сезіндік. Ата-бабамыздың қалайша осындай аумақты қорғап қалғанына қайран қалдық.

Экспедиция барысында қатарға қолдау көрсетіп, жаңадан қосылып жатқан жандар да табылуда. Саян Байсейітов Ақмола облысының Зеренді ауданында тұрады. Бала күнінен аттың құлағында ойнап өссе де мұндай алыс сапарға алғаш рет шықтым дейді. Қазір ол 100 шақырымнан астам жолды басып өтіпті.

Саян Байсейітов, Ақмола облысының тұрғыны:
– Кеше жігіттер біздің ауылға келді. Қонақжайлығымызды көрсетіп, дәмнен ауыз тигізіп күтіп алдым. Қазір оларды қолдап саптарына қосылдым.

Қарасай мен Ағынтай батырдың кесенесінен кейін тұлпар тізгіндеген жандар Ботай тұрағына ат басын бұрды. Экспедиция сол жерде тәмамдалады. Жолдың жалпы ұзындығы – 450 шақырым. Айта кеткен жөн, ат туризмін дамыту мақсатында алдағы уақытта клуб мүшелері еліміздің батысы мен шығысына сапарға шықпақ ниетте.

Бердимурат Баймухан