Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медицина қызметкерлері күні

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Маусымның үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні! Биыл қоғамдағы аса жауапты саланың жүгін арқалаған мамандардың кәсіби мерекесі 19-ына түсіп түр. Бірақ, өңірімізде мерекелер легі аптаның ортасында-ақ басталып кетті. Ең ауқымдысы бүгін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтпек. Мұнда ақ халатты абзал жандарды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтайды.

Кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, медбике мен зертхана меңгерушісі. Мереке қарсаңында қара шаңырақтың үлкен залы күндің-түні адамға көмек қолын созудан жалықпайтын медицина қызметкерлеріне лық толды. Араларында аудандардан келген мамандар да бар. Жиналған дүйім жұртты облыс әкімі алдағы мерекемен құттықтап, дәрігерлердің қоғамдағы рөліне тоқталды, жүрекжарды тілегін білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ақ халатты абзал жандар күн сайын адамдардың өмірін сақтайды. Пандемия кезінде, жаман індетпен күрес кезінде дәрігерлердің қаншалықты маңызды рөл атқаратыны көрінді. Сіздерге қажымас қайрат, еңбекте табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін!

Құттықтау сөзден кейін 20 маман сахнаға шықты. Оларға Құмар Ақсақалов түрлі дәрежедегі марапат табыстады.

Ақжар аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Қымбат Қалиева облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды. Нәзікжанды 30 жылдам астам денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Осы уақытта жүздеген сәбиді өмірге әкеліпті. Бірақ, ешқайсысына ат қоймаған екен. Есесіне, маманның есімі бірнеше нәрестеге беріліпті. Ал өзі – 2 баланың анасы.


ҚЫМБАТ ҚАЛИЕВА, Ақжар аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері:
– Шақалақты бауырына басқан ананы көру – үлкен бақыт. Бұл сәтті сөзбен жеткізе алмайсың. Жүрегің толқып кетеді. Алайда, біздің мамандық жауапкершілікті қажет еткендіктен өз-өзіңді тез жинап аласың. Өкінішке қарай, қазір бала туу көрсеткіші төмендеп кетті. Айына 20-дан астам ғана сәби өмір есігін ашады. Медицина саласын таңдайтын жастардың да қатары ұлғайса екен деген тілегіміз бар.

Иә, бүгін қошеметке бөленіп жатқан мамандардың қатары толықтыруды қажет етеді. Осы күні өңірде 280-ге жуық кадр тапшы. Облыста, әсіресе, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог жоқтың қасы. Бұл олқылықты жою үшін жергілікті денсаулық сақтау саласының өкілдері елдегі жоғары оқу орындарын аралап, түлектермен кездесіпті. Нәтижесінде 200-ден астам келісім жасалған екен. Келетін дәрігерлерге биліктен қолдау көрсетіледі.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Ауылдық жерге келетін дәрігерлерге 2,5 млн теңгедей көтермеақы береміз. Ал қалаға келетін дәрігерлерге 1,5 млн теңге береміз. Оның үстіне әрбір медициналық мекеме қосымша 1 млн теңгеге дейін көтермеақы төлеп жатыр. Сонымен қатар, ауылға барған жас маманға үй берілетін болады. Ал қалаға келген дәрігердің пәтерақысының кем дегенде 50 пайызы төленеді.

Марапаттаудан соң медицина қызметкерлеріне концерт ұсынылды. Сахнада жергілікті әнші-бишілер өнер көрсетіп, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Байболат Култанов