МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Агро Қызылжар”көрмесі өтті

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті.
Агрошараға жергілікті, Көкшетау, Қостанай және Нұр­-Сұлтан қаласындағы түрлі компания өкілдері қатысты. Мақсат – аграрлық салаға бағытталған кәсіпорын мамандары үшін ортақ диалог алаңын құрып, заманауи әрі қауқарлы техниканы паш ету.

Ләйлім Абдрахманова, көрме жобаларын ұйымдастырушы, Қостанай қаласы

– Бүгінгі көрмеде диқандар қауымы егіс пен орақ барысында өздері қолданып жүрген техниканың өзге де түрлерімен, оның мүмкіндігімен және өнімділігімен кеңірек таныса алады. Аграриге тауардың бағасы ұнаса, сол өндіруші компаниямен байланыс орнатады. Бұл – екі жаққа да тиімділігі мол шара.

Бұл жерде «Кировец» тракторынан бастап түрлі комбайнды көруге болады.
Су жаңа техникалар жылтырап, көздің жауын алады. Әлемге әйгілі неміс техникасы CLAAS-тың қауқарын солтүстікқазақстандық еңбеккерлер егіс науқаны кезінде байқап көрді. Жергілікті жерде жиналған техникаға аграрилер жоғары деген бағасын беріп отыр. Еске сала кетейік, өткен жылы петропавлдық кәсіпорында CLAAS маркасымен 92 комбайн құрастырылған. Биыл жарты жылда тағы 60-тан астам трактор жиналып шығарылған.

Серік Исмұқанов, «CT Agro» компаниясының өңірлік өкілі

– Егер біз қажетті техниканы тікелей шетелден әкелсек, бұл айтарлықтай қымбатқа түсер еді. Қазақстанда құрастырылғанын алса аграрий түрлі алым төлеуден босатылады. Нәтижесінде жаңа техниканы өзіндік бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.

Техника жаңа әрі қауқарлы болса күзде жиналатын өнім де мол әрі берекелі болады. Тегеурінді техниканы қолдана отырып теріскейлік диқандар өткен аптада егіс науқанын аяқтады. Көрмеде сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңір экономикасында ауыл шаруашылығының алатын орнына тоқталып өтті.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары
– Мемлекет қолдауы мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еңбекқорлығының арқасында биыл 4,2 млн га жерге егін егілді. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл сала – өңір экономикасында басты әрі маңызды рөл атқарады. Өткен жылы облыстың жалпы өнімі 895 млрд теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз.

Айта кеткен жөн, бұл көрме Қазақстанда осымен 10-шы рет өткізіліп отырғанымен дәл Петропавл қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Келесі жылы да жалғасын табады.