МТРА жаңалықтары

Өнеркәсіп пен құрылыс қарқыны

Өңірдің қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қаралған жиында экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов өзге де маңызды салалардың аяқ алысына тоқталып өтті.
Аталған аралықта өңірдің өнеркәсіп саласында 171,6 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Өңдеуші өнеркәсіптегі көрсеткіштің басым бөлігі тау-кен өндірісі мен жарықпен қамтуға тиесілі – яғни әрқайсысы 14 пайыз шамасында.
Машина жасау бағытында 2,3 пайызға төмендеу байқалады. Құрылыс саласында атқарылған жұмыс көлемі 6,2 пайызға артқан. Өсім күрделі және ағымдағы жөндеудің есебінен болып отыр. Құрылыс қарқыны Шал ақын, Ақжар мен Айыртау аудандарында 2 пайыз шамасында артып, 4 бірдей ауданда 5 пен 6 пайыз аралығында төмендеген. Бұл тізімнің басында Аққайың мен Қызылжар аудандары тұр. Жалпы, биыл өңірде жиынтық көлемі 42,9 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылған. Көш басында – Уәлиханов ауданы.

Данаш Хамзина