Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы

Облыстың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы пысықталды.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы көлемі – 7,8%-ға, инвестициялар көлемі – 7,1%-ға, құрылыс жұмыстары – 6,2%, өнеркәсіптік өндіріс – 1,8%-ға, бөлшек сауда 2,5%-ға ұлғайды. Негізгі тұрғын үй құрылысы индексі 94,0%-ды құрады.

Жалпы, соңғы 5 айдың ішінде өңірдің аграрлық саласында 78 млрд теңгенің өнімі шығарылыпты. Тауардың барлығы мал шаруашылығына тиесілі. Жиын барысында облыс әкімі аталған бағытта қол жеткізген жоғары көрсеткіштерге тоқталды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы 3 жылда іске қосылған 22 тауарлы-сүт фермасы өз нәтижесін беруде. Өткен 5 жылмен салыстырсақ, облыста шығарылатын ақтың көлемі 30 пайызға артты. 2017 жылы шаруашылықтарда 174 мың тонна сүт өндірілсе, былтыр бұл көрсеткіш 227 мың тоннаны құрады. Статистика әлі де өсіп келеді.

Облыс көшіне ілесе алмай, керісінше артқа тартып тұрғандар да жоқ емес. Тайынша мен Мамлют аудандары сүт өндіру саласы бойынша көш соңында. Бірінші аталған ауданда өндіріс көлемі 4 пайызға төмендесе, келесісі статистиканы 6,5 пайызға азайтып алған. Құмар Ақсақалов аталған аудан басшыларына жағдайды түзету қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы екі жылда құрғақшылық болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мал шаруашылығының арқасында оң экономикалық динамиканы сақтай алдық. Сол себепті, біз осы салада жақсы жұмыс істеуіміз қажет. Яғни, жыл сайын өңірде 8 немесе 10 тауарлы-сүт фермасынан салып отыру керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Кейбір аудандарда бұл бағыттағы шаруа ақсап тұр.

Құс етін өндіру жайлы айтсақ, биыл облыста жылдық қуаттылығы 16 мың тонна болатын 3 құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, жақында бір өзінің қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын тағы бір кәсіпорынның құрылысы басталды. Аталған жобалар жүзеге асқан соң аймақтағы құс етіне деген сұраныс толығымен жабылып, тауар экспортқа шығарылмақ. Ал Тайынша ауданындағы “EMC AGRO” серіктестігінде мал басын 200-ге дейін көбейту көзделіп отыр. Қазір аталған бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Облыстық әкімдікте қаралған келесі мәселе суға шомылу маусымы жайлы болды. Төенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға судағы қауіпсіздік туралы түсіндіріп жатырмыз дейді.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Облыста 62 өзен мен 2 мыңнан аса көл бар. Оның 58-інде ғана суға түсуге болады. Алайда, тұрғындардың көбісі рұқсат етілмеген орындарға барып шомылады. Салдарынан суға батып кетіп жатады. Соңғы 9 жылдың ішінде өңірде 211 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қазіргі күні мектеп оқушылары мен ересектер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жылпы, биыл мамандар барлығы – 4 мыңнан аса рейд өткізіп, 45 мың жаднама таратыпты. Биылғы шомылу маусымы өңірде ресми түрде маусым айының соңында басталмақ.

Бердимурат Баймухан