Білім

Жазғы лагерьлердегі дайындық

Қаланың қасында екі жазғы лагерь бар. Бірі – “Достық”, екіншісі осы – “Аққайың”.
Екеуі де соңғы 2 жыл бойы пандемияға байланысты жабық тұрды. Биыл есігін қайта ашқалы отыр. Сол себепті, дайындық барысы қызу жүріп жатыр.
Келіп тынығатын балалардың да саны көп көрінеді.
Сауықтыру лагерьлері талапқа сай болуы керек. Нысанға жауапты серіктестік директоры Евгений Дуловтың айтуынша төсек-орын тазаланып, бөлмелер мен асхана толығымен жөнделіп жатыр. Осы мақсатта 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

ЕВГЕНИЙ ДУЛОВ – жеке кәсіпкер
– Балалардың алғашқы легін маусымның 17-сінде қабылдаймыз. 400-дей бала келеді. Лагерьдегі бір маусымның ұзақтығы – 10 күн. Жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалды. Кішкентай қонақтарымыздың келуіне барлық жағдайды жасап үлгереміз. Осы жолы суға фильтр қойдық. Асхана да заман талабына сай болады. Балалар 5 рет тамақтандырылады.

Лагерьде бүкіл жаз бойы топ жетекшілері, тәрбиеші, психолог және хореограф мамандар жұмыс істейді. Табиғат аясында түрлі ойын ойнатылып, байқаулар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады. Барлығы – әр маусымда 7 топтан болады екен.

ЮЛИЯ ЕВСЕЕВА – аға тәрбиеші
– “Аққайыңда” бір маусымда 7 топ болады. Әрқайсысына бір тәрбиеші мен бір тәлімгер бекітілген. Биыл тәлімгер ретінде колледждерде педагогикалық мамандыққа оқып жүрген студенттерді қабылдаймыз. Балалардың көңілінен шығуға тырысамыз. Іс-шараларды табиғат аясында өткіземіз. Балалардың денсаулығына 2 дәрігер қарайды.

Лагерьге жолдама құны 42 мың теңге тұрады. Биыл маңайдағы қос лагерьде 2 мыңға жуық бала тынығады. Соның 500-ге жуығы әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан болғандықтан тегін демалады. Лагерде барлығы – 4 маусым болады. 7 мен 10 жастағылар – “Аққайыңда”, ал одан ересектері «Достықта» тынығады.