МТРА жаңалықтары

Петропавлда запастағы әскерилер арасында оқу-жаттығу жиыны өтті

Қала сыртында запастағы әскерилер арасында кезекті жоспарлы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оның ішінде сержанттар да бар, офицерлер де бар. Барлығы – Отан алдындағы борыштарын өтеген азаматтар. Жиынның ашылу салтанатына қатысқан өңір жетекшісінің орынбасары Сәтжан Аблалиев бұл шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:
– Біздің басты міндетіміз – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, жетістіктерімізді молайтып, келер ұрпаққа тұрақты Қазақстанды аманат ету. Осы ретте аумақтық қорғанысқа баса мән беріледі. Оқу-жаттығу жиынында алған білім ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нығыз негіз болады.

Оқу-жаттығу жиынына 80-ге жуық азамат қатысты. Іс-шара 10 күнге жалғасады.

Сарбаздардың арасында Петропавлда уақытша тұрып жатса да шақырылған жерге жалтармай келген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Еламан Душемов. Өзі – Тараздың тумасы. Отан алдындағы борышын Түркістан облысы Сарыағаш ауданының шекара қызметінде өтеген. Әскерден келгеніне биыл 3 жыл болыпты.

Еламан Душемов,
– 15 мамыр күні мені осы оқу-жаттығулар жиынына шақырды. Мен, әрине, бұған өз келісімімді бердім. Бұл жерде әскерде жасаған жаттығуларды еске түсіріп жатырмын. Мысалы, қаруды қолдану, жүгіру, секіру, белтемірде тартылу.

Бұндай әскери оқулар 5 жылдың көлемінде өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 6 мыңға жуық солтүстікқазақстандық әскери білім мен машығын шыңдаған.