Денсаулық сақтау

Облыста есірткі пайдаланатындардың саны азаймай тұр

Жыл сайын Солтүстік Қазақстан облысында есірткі пайдаланған 5 мыңға жуық адам тіркеледі. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын зиянды заттың дәмін татып көргендердің қатары жасарып барады екен. Әсіресе, балалардың арасында теріс жолға түскендердің саны көп дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Дәуренбек Бейсембаев.

Дәуренбек Бейсембаев, СҚО психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері:
– Қазір балалар 12 жастан бастап есірткі пайдаланып жатыр. Сондай-ақ, атасының немересімен бірген улы затты қабылдап, ауруханаға түскен жайт та кездесті. “Тәрбие – тал бесіктен” дегендей баланы жастайынан ондай дүниелерден аулақ ұстау қажет. Баланың қасында шылым шегуге де болмайды. Сондай-ақ, ата-аналар өз ұл-қыздарының немен айналысып жүргендеріне мән берулері қажет.

Қазіргі күні жастардың арасында кең тарап кеткен вейп секілді темекі түрлері бар. Сатушылар ондай шылымдардың зияны аз деп теріс жарнамалайды. Бара-бара уға тәуелді болып қалған адам алдағы уақытта есірткінің аса ауыр түрін тұтына бастауы бек мүмкін.

Зарина Попова, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– Облыста есірткі сатумен айналысып ұсталғандардың ең жасы 17-де. Еліткіш затқа тәуелділердің де саны азаймай тұр. Бұл – алаңдатарлық жайт. Қазіргі күні барлығымыз жастарды оң жолға бағыттап, оларды салауатты өмір салтын сақтауға баулуымыз керек. Осы орайда полиция департаментінің өкілдері 26-шы мамырдан бастап Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай бір айлық іс-шара өткізіп жатыр. Яғни, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру шараларын өткізуде.

Аталған айлық аясында бүгін полиция департаментінің өкілдері жергілікті дәрігерлермен жүздесіп, нашақорлықты анықтау мен оның алдын алу бойынша семинар өткізді.

Бердимурат Баймухан