Мәдениет

Балалар кітапханасында екі бірдей көрме қанат жайды

Тарих.Тұлға.Уақыт. Осындай атаумен Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында көрме қанат жайды.

Көрме қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған. Мұнда жазушының шығармашылығынан сыр шертетін ондаған туындымен танысуға болады. Ұлттық және шетел әдебиеті бөлімінің жетекшісі Айнагүл Секренованың сөзінше келушілердің көбі қаламгердің «Абай жолы» эпопеясын қызыға оқиды. Естеріңізге сала кетейік, жазушыны әлемге әйгілі еткен 4 томдық туынды 20 жыл көлемінде жазылған екен.

Айнагүл Секренова, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қызметкері
 – Мұхтар Әуезов дегенде бірден “Абай жолы” эпопеясы ойымызға келеді. Осы туынды арқылы ол бүкіл қазақ елін және Абайдың атын әлемге танытты. Бұл еңбек 1931 жылдан бастап 1954 жылға дейін жазылды. “Абай жолы” әлемнің 40 тіліне аударылған.

Ал жасөспірімдердің оқу залында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай “Қайғылы тағдырлар беттерінен” атты көрме қанат жайды. Ұлы тұлға қазақ әдебиетіне сыншы, публицист, әдебиет тарихшысы, аудармашы және педагог ретінде елеулі үлес қосты. Сондықтан, кітап көрмесінің мақсаты – тау тұлғаның еңбектерін жан-жақты насихаттау.

 Құралай Базарбекова, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қызметкері
 – Ол кісінің бірінші шыққан кітабы – “Маса”. Бұл туындыны ол Семейде абақтыда отырған кезде жазды. 1919 жылы жарық көрген.

Балалар кітапханасындағы қос көрме жыл соңына дейін жалғасады. Оны кез келген оқырман келіп тамашалай алады.

Дана Ешкенова