МТРА жаңалықтары

“Есірткісіз қала” акциясы

Есірткісіз қала. Петропавлда осындай атаумен халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай акция ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында өткен шараға полиция қызметкерлері, волонтерлер мен колледж студенттері қатысты. Жиналғандар “Динамо” стадионында орналасқан жабдықтарда қауіпті парақшалардың сілтемелері бар граффити жазбаларын өшіруге кірісті. Ақцияға қатысушылардың барлығы қолдарына бояу және қылқалам алып, “street art” түрінде салауатты өмір салтын ұстану қажеттігі туралы мазмұндағы суреттер салды. Іс-шараға жастармен өзінің шеберлігімен бөлісу үшін жергілікті суретші Мәдина Бакина да шақыртылыпты.

Мәдина Бакина, суретші
– Қалада теріс парақшалардың сілтемелері жазылған жазбаларды түрлі жерде кездестіруге болады. Олардың орнына осындай түрлі түсті, көңілді көтеретін “street art” стилінде сурет салу – жақсы идея. Біздің суреттеріміз осы стадионға келіп, спортпен шұғылданатын жастарға одан әрі мотивация береді деген ойдамын.

Маусымның 26-сы – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні. Осыған орай облыстық полиция департаментінің мамандары волонтерлермен бірлесіп күнделікті түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Мұндай акциялар жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда.

Жандос Басыбаев, СҚО ІІД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– Біз мамырдың 25-інен маусымның 26-сына дейінгі аралықта нашақорлыққа қарсы күрес айлығын өткізіп жатырмыз. Акция барысында ұл-қыздарға темекі, есірткі мен алкогольдің адам өміріне орасан зиян келтіретіндігін түсіндіреміз. Өкінішке қарай, статистика көрсетіп отырғандай қазіргі уақытта жастардың арасында синтетикалық есірткіге деген құмарлық артып барады.

Облыста жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 80-ге жуық факті тіркеліп отыр. Заңсыз айналымнан 20 келіден астам наша тәркіленіпті. Оның 1 жарым келісі – синтетикалық есірткі.

Дана Ешкенова