Құрылыс

Бөкетов көшесі маусымның соңында ашылады

Жақында Үндістанда жол салудан жаңа әлемдік рекорд тіркелді. Мұндағы мамандар небәрі 4 жарым күнде 75 шақырымға тақтайдай тегіс асфальт төседі. Сапасы жайлы сөз қозғай алмаймыз, әрине. Бірақ, жұмыстың жылдамдығына жоғары баға береміз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қаламыздағы Бөкетов көшесі де осылай тез жөнделсе ғой. Жолдың ашылғанын, әсіресе, мына баспаналардың тұрғындары мен кәсіпкерлер асыға күтіп отыр. Оларды түсінуге болады. Шаруа аяқталса, халық баспаналарына көлікпен емін-еркін жақындай алады, ал іскер жандар иелік ететін нысандарға клиент ағылады. Өкінішке қарай, іс әлі бітер емес.

Бұл жерде мамыр айының соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов болды. Жөндеу жұмысымен танысу барысында өңір жетекшісі мердігерге біраз сын айтты. Сөз соңында сағызша созылған шаруа тәмамдалатын күнді сұрады.

Маусымның 10-ы өтті. Алайда, көптің назарын аударған шаруа аяқталмады. Іске немқұрайлы қараған мердігер жауапкершілікке тартылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Байқаңдар! Сендерге жақсылап айыппұл саламыз. Жұмыс былтыр бітуі керек еді. Қаражат болды. Жұмысты жақсылап істемейсіңдер ме?

Айыппұл салыныпты. Бірақ, сомасы белгісіз. Қазір Бөкетов көшесі бойында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мамандар кәріз суы жүретін желіні өткізуде. “Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры” дегендей, барлық мәселе осы құбырда көрінеді. Оны бастапқы кезеңде тесу әдісі арқылы салу жоспарланыпты. Алайда, бұл мүмкін болмайды. Сол себепті жергілікті билік жолды қазуға тапсырма берген екен. Ал қазғанда жұмысшылардың алдынан сызбада көрсетілмеген дүниелер шыққан.

МЕДЕТ ОМАРХАНОВ, «Arch Stroy Invest» ЖШС директорының орынбасары, Алматы қаласы
– “Қазақтелеком”-ның, жарықтың кабельдері болды. Бұл жерде бірнеше рет жарық өшті. Тұрғындардан шағым түсті. Бұлар біздің жобамызда көрінбеді. Қазғанда бәрі шықты. Үзіп алуға қорыққандықтан жұмысты уақытша тоқтаттық.

Мердігер жағдайды осылай түсіндірді. “Егер қолымызда нақты дерек болып, желіні бірден ашық әдіс арқылы өткізсек, шаруа 2 жылда емес, небәрі 2 айда аяқталар еді”,- дейді Медет Омарханов. Неге мұндай олқылыққа жол берілген? Бұл сұрақты қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулинге қойдық.

АСҚАР ХАБИБУЛИН, қала әкімінің орынбасары:
– Кезінде коммуникация иелерімен келісім жүргізілді. Сол келісім бойынша жұмыс басталды. Жұмыс барысында иелері көрсетпеген желілер шығып жатыр. Өзгеріс енгізілді. Жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан жерге депутаттар да келді. Олар да жағдаймен танысты. Мәселені бақылауға алатындарын айтты. Осындайда “Кеш емес пе?” деген сұрақ туындайды.

ЮРИЙ БАЦАНОВ, қалалық мәслихат депутаты
– Мүмкін іске кеш кіріскен де шығармыз. Қалада өзге нысандар бар. Соларды араладық. Бірақ, бұл жерде бізден де олқылық кетті деп ойлаймын.

Сонымен, біраздан бері жабық тұрған Бөкетов көшесі толығымен қашан ашылады? Жергілікті билік пен іске жауапты компания өкілдері шаруаны 2 жұмада аяқтаймыз деп сендірді.

Байболат Култанов