Денсаулық сақтау

Балаларға МӘМС аясында медициналық көмек көрсету

Балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу керек пе? Созылмалы аурулары бар ұл-қыздарға қандай оңалту шаралары қарастырылған? Бүгін осы сұрақтарға өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жергілікті филиалының өкілдері жауап берді.

Балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекет міндеттерінің бірі. Сондықтан, 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарға медициналық көмек толық көлемде қолжетімді болуы үшін үкімет Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын аударымдар жасайды. Балаларға тегін көрсетілетін медициналық көмек 3 кезеңнен тұрады.

Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
-Бала туылғанға дейін жүкті әйелдер ауыр дертке шалдыққан балалардың туылуының алдын алу мақсатында хромосомалық патологияны және ұрықтың туа біткен ақауларын ерте анықтауға және диагностикалауға бағытталған перинаталды скринингтен өтеді. Бала туылғаннан кейін мүгедектікке және нәресте өліміне әкелетін ауыр аурулардың дамуын болдырмау үшін жаңа туған нәрестенің тұқым қуалайтын және туа біткен ауруларын уақытылы емдеу үшін ерте анықтауға бағытталған неонаталды скрининг жүргізіледі.

2-ші кезең мектеп жасындағы ұл-қыздарға қатысты. Статистика көрсеткендей, мектеп түлектерінің басым бөлігі қандай да бір созылмалы дертке шалдыққан. Ұл-қыздардың тек 10 пайызы ғана білім ұясын сау аяқтайды екен. Көп жағдайда оқушылардың көру қабілеті төмендейді, сколиоз секілді омыртқа ауруына ұшырайды.

 Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
 – Мектеп медицинасының көлеміне егу, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тікелей оқу орнында тіс дәрігерінің қарауы кіреді. Сондай-ақ, білім ошағында дәрігерлер балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында іс-шаралар өткізуде.

3-ші кезең – оңалту. Яғни, созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Осы ретте айта кетейік, биыл солтүстікқазақстандық балаларға оңалту емі мен оңалту көмегін көрсетуге 988 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Өңірде 4 ай ішінде мыңнан астам балаға оңалту көмегі көрсетілген.

Дана Ешкенова