МТРА жаңалықтары

Тайынша ауданына көшкен 23 азамат өз ісін ашқан

Жібек Қайырбекова отбасымен бірге Тайынша қаласына өткен жылы Нұр-Сұлтаннан қоныс аударған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жанұяның жергілікте жерде орналасуына көмектесіп, үй-жаймен қамтамасыз еткен. Бүгінде жаңа ортаға үйренісіп, аяққа нық тұрған нәзікжанды өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Азаматша киім-кешек, қыз-келіншектерге арналған түрлі заттарды сатумен айналысады.

ЖІБЕК ҚАЙЫРБЕКОВА – Тайынша қаласының тұрғыны
– Елордада да саудамен айналыстым. Бірақ, карантин уақытында ісім жүрмеді. Жұбайымның жұмысында да қиындықтар болды. Содан кейін осы жаққа көшуге шешім қабылдадық. Бастапқыда киім-кешекті үйде саттым. Кейін жұмыспен қамту орталығына жүгініп, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдым. Осылайша дүкен аштым. Қазіргі таңда жолдасым жергілікті жеке кәсіпкерде жұмыс істейді. Балам балабақшада.

Жалпы, қоныс аудару бағдарламасы Тайынша ауданында 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында ауданға 700-ден астам адам көшіп келген.

ТАТЬЯНА БОНДАРЬ, Тайынша ауданы халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары
– Өңірімізге көшіп келген жандарға қолдау ретінде бастапқыда 70 АЕК көлемінде қаражат беріледі. Үй жалдауға да 15-30 АЕК көлемінде субсидия бөлінеді немесе мемлекеттің қолдауымен шамамен 1 млн теңгеге баспана сатып ала алады. Жұмыспен қамтуға келетін болсақ, бірінші кезекте біз әр адамның қарым-қабілеті мен мамандығына мән береміз. Содан кейін сол бойынша жұмыс қарастырамыз. Кейбірі өз кәсібін ашып жатыр. Мәселен, ауданымызға көшіп келген 700-ден астам адамның 23-і мемлекет тарапынан грант алып, өз ісін бастады.

Мамандардың айтуынша өңірімізге ат басын бұратындардың дені – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Түркістан, Алматы облыстарының тұрғындары.

Алдияр Айтпаев