Студенттер археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде

МТРА жаңалықтары

23:06 14 Маусым 2022

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Қызылжар ауданына қарасты Долматово ауылының маңында жазғы экспедиция өтуде. Қозыбаев университетінің студенттері 2 апта бойы осында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізбек. Қазір қыз-жігіттер Сақ дәуіріне тиесілі жәдігерлерді іздестіру үстінде.

Аяжан Ілияс Қозыбаев университетінде тарих мамандығы бойынша білім алуда. Биыл студент оқу жылының алғашқы курсын тәмамдап, қатарластарымен бірге осында жазғы оқу тәжірибесінен өтуге келген. Бойжеткен археологиялық қазба жұмыстарына бірінші рет қатысып жатыр.

Аяжан Ілияс, студент:
– Былтыр студенттер бұл жерден алтын сырға, сақина және жебенің ұшын тауып алыпты. Тарих мамандығына оқып жатқандықтан бұл мен үшін өте қызық. Мен де жәдігерлерді өз қолыммен ұстап көргім келеді.

Археологиялық қазба жұмыстарына 30-ға жуық қыз-жігіт жұмылдырылған. Олар 1 аптадан бері осы маңайды қазып, өткен ғасырлардың тарихына біртабан жақындай түсуде. Барлығының мақсаты бір. Осыдан бірнеше мың жыл бұрын көмілген заттарды тауып, археологиялық олжаға кенелу.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– 8 күннен бері төгілген тер өз нәтижесін берді. Қазіргі күні студенттер 40 см тереңдіктен мынадай жылқының сүйектерін тауып алыпты. Мамандардың сөзінше бұл жер кезіндегі ата-бабамыздың тұрғылықты мекені болған.

Жылқыдан бөлек мұнда қой мен балықтың сүйектері де кездеседі. Бұл осыдан 2,5 мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысын мекендеген ұлы Сақ тайпасы адамдарының тамақ рационы бай болғанын білдіреді. Сонымен қатар, бұл маңайда қыштан қаланған пеш те табылыпты.

Наталья Ковшова, Қозыбаев университеті Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу орталығының зертханашысы:
– Бұл жерді мекендеген адамдар кезінде темірді балқытып, одан түрлі бұйымдар жасаған. Металлдан бөлек мал сүйектерін де садақтың ұшы секілді ұсақ-түйек заттарды жасауға пайдаланған. Негізі, біз тұрған маңай ол жайлау немесе қыстау болған көрінеді. Себебі, тастан, қыштан қаланған үй жоқ. Тек күрке немесе киіз үйге ұқсас баспаналар болған. Яғни, осында келіп-кетіп отырған.

Бұл ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады. Яғни, біздің заманымызға дейінгі 5-ші ғасырға тиесілі орын. Зерттеушілер оны «Ақ-Ирий қалашығы» деп атайды екен.

Анатолий Плешаков, археологиялық экспедиция жетекшісі, Қозыбаев университетінің профессоры:
– «Ақ» деген ақ түс, ал Ирий иран тілінен аударғанда «жұмақ» дегенді білдіреді. Осылай деп аталу себебі, бұл жер кезінде өте жайлы әрі таза қоныс болған. Қалашық жақсы ойластырылып салынған және 3 жағы жармен қоршалған. Яғни, жау басып кіре алмайтындай орында тұрғызылған. Оны 68-шы жылы тауып, 2004 жылы қаза бастадық. Бұл – өте сирек кездесетін орын. Қазіргі күні бұл жерден пештің өзге де түрлерін тауып жатырмыз. Оны не үшін пайдаланғандарын алдағы уақытта анықтаймыз.

Тарихшылардан бөлек маусымдық лагерьге астрономия мамандығында оқитын 3-ші курстың студенттері де келген. Болашақ ғалымдар күн батқан соң аспан денелерін зерттеумен айналысады және археологтарға қазба жұмыстарын жүргізетін координаттарды табуға көмектеседі.

Рамазан Қожин, студент:
– Астрономдар болғасын нағыз жұмыс түнде басталады. Қазір бізде геодезиялық практикум болып жатыр.

Жалпы, жазғы экспедицияға 60-қа тарта студент келген. Қыз-жігіттер маусымның 19-ына дейін табиғат аясында білімдерін шыңдайды.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз

ЕС-164/3 түзету мекемесінде ашық есік күні өтті
Балалар жылы аясындағы профилактикалық шаралар
Референдумға солтүстікқазақстандықтар белсенді қатысып жатыр
МТРК жаңалықтары 22.06.2022
Теріскейлік фермер республикалық көрмеде топ жарды
СҚО-да 5 айда жолда 27 жаяу жүргінші зардап шекті
«Балаларды қорғау күні» акциясы
Самал Есләмова референдумға қатысты
Айыртау ауданының даму барысы
Ұлттық бірыңғай тестілеу
“Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің жұмысы
Ғ.Мүсірепов ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды