ТЖ

СҚО-да өрт саны азайды

СҚО-да жыл басынан бері 337 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 28 адам қаза тапты. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі мамандарының сөзінше, қызыл жалынның 77 пайызы жеке тұрғын үй аумағында тіркелген. Оқыс жағдай баспанадағы электр желілерінің дұрыс жалғанбауы, электр қондырғылары мен отты дұрыс пайдаланбаудан туындап отыр. Табиғат аясында демалуға шыққандар да сақтық шараларына мән бере қоймайды екен. Салдарынан биыл өңірде 24 орман өрті тіркелген. Өрт сөндірушілер өз кезегінде тұрғындарға даладағы құрғақ шөпті өртемеуге, сөнбеген сіріңке мен темекі тұқылын лақтырмауға және әйнек ыдыстарды тастамауға кеңес береді.

Аслан Ахметжанов, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 109 адамды жауапкершілікке тарттық. Оларға 1,3 млн теңгенің айыппұлы салынды. Жалпы, өңірде өрт саны былтырғымен салыстырғанда шамалы азайды.

Бердимурат Баймухан