МТРА жаңалықтары

Қыстың қамын жаз ойла

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қыстың қамын жаз ойла! Қызылжар ауданындағы Соколов орман шаруашылығында отын дайындау жұмысы қызу жүріп жатыр. Мамандар табиғат аясына таңғы 8 жарым, 9 жарымда келіп, кешкі 7-ге дейін еңбек етеді. Бүгін жаңбыр жауып кетті. Бірақ, бұл қызметкерлерге кедергі емес. Олар таңсәріден бел жазбай еңбек етіп жатыр. Шаруаға біз де ат салыстық.

Зуылдаған темір шынжырлы ара ондаған секундта балта батпайтын аққайыңды бір-ақ бөледі. Маңызды істе абай болу қажет. Асықсаң немесе артық қимыл жасасаң, жарақат алып қалуың әбден мүмкін. Соколов орман шаруашылығының өкілдері бұл жерге бекерден-бекер келмеген. Аумақ батпақтаныпты. Қазір жасыл желектің бір бөлігі бүлініп жатыр екен. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін ағаштарды кесіп, пайдаға жаратқан жөн.

ЗАДА АМАНЖОЛОВА – Соколов орман шаруашылығының орман шикізат қоры бойынша инженері, Қызылжар ауданы
– Биыл кесілетін отынды былтыр белгілеп қойдық. Комитеттен белгіленген ағаштарды кесу бойынша рұқсат қағазы келді. Осындан соң шаруа басталды.

Жігіттер ұжым болып жұмыс істеуде. Мамандардың бір-екеуі қайыңды құлатады, осы сәтте трактор тізгіндеген қызметкер орманға жақындап, сұлап жатқан ағашты ортаға әкеледі.

Мұнда ағаш бұталады, бөлінеді. Кейін екінші трактордың жүргізушісі жартылай дайын отынды тіркемеге артады.

Биыл Соколов орман шаруашылығында 95 мың текше метр жасыл желек кесілмек. Бүгінгі күні маусымдық істің жартысы аяқталыпты. Жоспарланған көрсеткіштің 24,3 текше метрі – тұрғындарға. Яғни, осынша көлемді халық отын ретінде пайдаланбақ. Соңғы статистикаға сүйенсек, жерлестеріміз жаздырған ағаштың 95 пайызы үйлеріне жеткізіліпті. Отынның әр кубы 2 мың теңгені құрайды.

ЗАДА АМАНЖОЛОВА – Соколов орман шаруашылығының орман шикізат қоры бойынша инженері, Қызылжар ауданы
– Баға өзгеріссіз қалды. Биыл тек шөмшектердің бағасы кішкене өзгерді. Қайыңдыкі – 155, ал қарағайдыкі 200 теңгені құрайды.

Шөмшек дегеніміз – орманда өздігінен құлаған, бұрыннан жатқан ағаштар мен бұтақтар.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Көріп тұрғандарыңыздай менің артымда – бұтақтар үйіндісі. Оны алдағы күзде мекеме қызметкерлері жағады. Қазіргі таңда жағуға болмайды. Өйткені, өрт қауіпті кезең. Жасыл желекті жағу, әрине, аянышты. Оны мекеме қызметкерлері алуға болады дейді. Бірақ, мұнда келген кісілер ережені сақтаулары керек.

Яғни, үйіндіні шашып кетуге болмайды. Ыстықта, жаңбырда тер төккен мамандардың еңбегін бағалаған жөн. Мұндағы қызметкерлер “Бір тал кессең, он тал ек” қағидасын да берік ұстанады. Биылғы көктемде 200 гектарға жуық жерге көшет отырғызыпты. Айтпақшы, жас талдар бұрынғы орманның орнында жақсы өседі екен.

ЗАДА АМАНЖОЛОВА – Соколов орман шаруашылығының орман шикізат қоры бойынша инженері, Қызылжар ауданы
– Күзде тағы егіледі. Бұл іске орман пайдаланушылар тартылады. Ағаш егу – олардың да міндеті.

Сөз соңында өңір бойынша дерекпен бөлісейік. Биыл өлкемізде тек отын үшін 350 текше метрге дейін ағаш кесілмек.

Байболат Култанов