МТРА жаңалықтары

ЕС-164/3 түзету мекемесінде 100-ден астам сотталған жұмыспен қамтылған

Петропавлдағы ЕС-164/3 түзету мекемесінде енді ащы құрт та өндіріледі. Мұнда жазасын өтеп жатқан 5 адам күніне 12-13 келі құрт жасайды. Жасалған құрт қала дүкендері мен базарға жеткізіледі. Арман Мүнкебаев 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Темір торға 4 ай бұрын тоғытылған. Цех ашу арқылы сотталған азаматтарды еңбекпен тәрбиелеп қана қоймай, оларға сол еңбегі үшін нәпақа төленеді.

АРМАН МУНКЕБАЕВ, жазасын өтеуші
– Алдымен бізге ірімшік әкеледі. Біз оны ет тартқыштан өткіземіз. Кейін сүт, тұз қосып пешке саламыз. 24 сағат кептіріп, қаптаймыз. Соңында дайын өнімді қорабтарға салып жібереміз. Бұрын өзім жасап көрген емеспін, тек кезінде әжем жасағанда сыртынан қарап отыратынмын. Жалақымның бір бөлігін өзіме қалдырып, екінші бөлігін отбасыма жіберемін.

Жалпы, түзету мекемесінде құрт жасау цехі сәуір айында ашылған. Құрттың бірінші партиясы мамыр айында жөнелтіліпті. Айта кету керек, шикізатты жұмыспен қамтушы кәсіпкер әкеледі.

БАУЫРЖАН РҮСТЕМОВ, ЕС-164/3 бөлімше бастығы:
– Бірінші кезекте жұмысқа мемлекет алдында қарызы бар жандар алынады. Әрқайсысы тиісті медициналық тексерістен өтеді. Кейін оларға санитарлық кітапшалар беріледі. Еңбек етем деушілер көп болды.

ЕС-164/3 мекемесінде тағы 6 өндіріс цехі жұмыс істейді. Соның бірі – наубайхана. Мұнда 9 адам еңбек етеді. Өнім әйелдер колониясы мен тергеу изоляторына жіберіледі.

АЛЕКСАНДР АНАНЬЕВ, жазасын өтеуші:
– Күніне шамамен 1200 дана нан-тоқаш әзірлейміз. Екі ауысыммен жұмыс істейміз. Біреулері таңғы 6-дан түскі 2-ге дейін, екіншілері 2-ден кешкі 10-ға дейін еңбектенеді. Алатын еңбекақымды әйеліме жіберемін.

Жалпы, ЕС-164/3 мекемесінде 800-ге жуық жазасын өтеуші бар. Оның 100-ден астамы еңбекке тартылған.

Самал Жунусова