Мәдениет

Өнерпаздар Шал ақын ауданына барды

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Қазір біз Шал ақын ауданына қарасты Городецк ауылында тұрмыз. Мұндағы мәдениет үйінің алдына жергілікті ауылдың бүлдіршіндері көп жиналған. Өйткені, олар Перопавлдан келе жатқан облыстық қуыршақ театрының әртістерін тағатсыздана күтіп тұр.

Сәлден соң көптен күткен спектакль де басталды. Әртістер балаларға арнап «Ақылшы жанат» қойылымын сахналауда. Ертегіде басты кейіпкер ормандағы жануарлардың барлығына кеңес айтып жүреді екен. Бірақ, оның айтқан ақылы ешқашан дұрыс болмай шығады.

Балалардың қуанышында шек жоқ. Қуыршақтардың қойылымын олар алғаш рет тамашалап отыр. Келген қонақтар ұл-қыздарға арнап түрлі ойындар да өткізді. Бүлдіршіндер сурет салып өз өнелерін көрсетті, сұрақтарға жауап беріп сыйлықтар алды.

БЛИЦ:
– Мен байқауға қатысып пластилин жеңіп алдым. Өте қуаныштымын. Маған бәрі ұнады. Қуыршақ театры бізді қалаға шақырды.
– Алғаш рет спектакль көрдім. Маған түлкі, сиыр мен ит кейіпкерлер ұнады.

Бұдан соң театр әртістері Ақанбарақ ауылына барды. Мұнда да бүгін орталық алаңға елді мекен тұрғындарының барлығы жиналып, концерт көруге келді. Айта кеткен жөн, аталған іс-шара балалар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында аудан әкімі елді мекен тұрғындарын құттықтап, халықтың спорттық және мәдени тұрғыда дамуына байланысты жасалып жатқан шаруаларды айтты.

Рахат Ысмағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:
– Қазіргі күні мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Аудан көлемінде түрлі спорттық нысандар мен үйірмелер ашылуда. Жерілікті оқушылардың барлығы үйірмелерге тегін қатысады. Басқа да жобаларды қолға аламыз. Сондай-ақ, ойын алаңқайлары мен ашық аспан астындағы сахналар салып жатырмыз.

Концерттік бағдарлама ауылдағы ағайынның көңілінен шыққан сыңайлы. Оны жүздерінен-ақ байқауға болады. Барлығы мәз-мейрам. Мұндай іс-шара жиі ұйымдастырылып тұрса екен дейді ата-аналар қауымы.

Бердимурат Баймухан