ТЖ

Терек мамығын жағу аса қауіпті

Айналаға бейберекет жайылған терек ағаштарының мамығы өртке әкеп соқтырды. Оқиға кеше Заречный кентіндегі “Искра” саяжай қауымдастығынын маңында болды. Кешкі сағат 8 шамасында аталған ауданда тілсіз жау бас көтеріп, 2 гектар жерді шарпыды. Абырой болғанда өрттен ешкім зардап шекке жоқ.

ЖАНАТ ҚАЙЫРЛИН, қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы
– Өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минутта жетті. Бірінші кезекте мамандар “Искра” саяжай қауымдастығына төнген қауіптің алдын алды. Құтқарушылар отты 3 сағатта толығымен ауыздықтады. Тілсіз жаумен күреске 20 өрт сөндіруші мен 6 техника жұмылдырылды.

Ал бұл суреттер “Рябинушка” саяжай қауымдастығында түсірілген. Бұл оқиға да кеше болған. Жалпы, 9-шы маусым күні облыста мұндай 12 факті тіркелді. Оның 8-і – шаһарда, қалғаны аудандарда болды.

ЖАНАТ ҚАЙЫРЛИН, қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы
– Көп жағдайда бұл өрттер балалардың немқұрайлығынан орын алуда. Яғни, ұл-қыздар мамықтарды жағып, қызық көріп жүр. Осы ретте ата-аналар балаларына бұның қауіпті екендігін және олай істеуге болмайтындығын түсіндірулері тиіс.

Абырой болғанда орын алған жайттарда ешкім зардап шеккен жоқ, нысандарға да зақым келген жоқ. Жанып кеткен құрғақ шөптің аумағы 21 гектарды құрайды.

Алдияр Айтпаев