МТРА жаңалықтары

Тайыншада этноауыл құрылды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
–  Ғасырлардан сыр шертер дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз. Бұған дейін этноауыл Жамбыл ауданында ашылған еді. Бүгін міне қазақи рухты көтеретін іс-шара Тайынша ауданы Теңдік ауылында жалғасын тапты.

Бірлігі жарасқан ауылдың жас-кәрісінің бәрі бүгін орта мектеп ауласына жиналды. Қалың көпшілік бірінші кезекте ауданның түкпір-түкпірінен келген қадірлі меймандарды құрметпен қарсы алды. Осылайша бұл іс-шара қазақ халқының қонақжайлығын көрсетуден басталды.

Кейіннен іс-шараның ашылу салтанаты өтіп, этноауылдың таспасы қиылды. Ішке бет алған тұрғындар мәз-мейрам. Ойын балалары бірден асық атып, бозкілемде мықтыны анықтауға кірісті. Ал орта буын өкілдері әр ауылдың дайындап әкелген ән-билерін, тартуларын тамашалауда. Мойнына домбыра асынып, Аймақ ауылынан келген Фариза Шаменова да Теңдік тұрғындарына арнап бүгін өз өнерін ортаға салмақ.

Фариза Шаменова, Аймақ орта бектебінің оқушысы, Тайынша ауданы
– Мұндай іс-шаранын өтіп жатқандығы дұрыс. Осы этноауылдың арқасында біз сияқты жастар халқымыздың дәстүрлерін танып-біліп, ойындарын ойнап жатыр. Жаңағы айтқан асыл мұралардың ішінде домбыра да бар. Бұл аспаппен ата-бабаларымыз қуанышын да, қайғысын да жырлаған. Менің ойымша, бұл – біздің өсіп-өнуімізге ең үлкен көмек.

Тайынша – көпұлтты аудан. Бұл елді мекенде орыс, поляк, беларусь сынды этнос өкілдері тату-тәтті күн кешуде. Бүгінгі жиынға да қатысып жатқандардың дені – өзге ұлттың азаматтары. Қазақ халқының ұлттық киімін киіп, қуаныштарына ортақ болған бұл жандар берекелі шараның ұнап жатқандығын айтты.

Блиц:
– Мұндай іс-шараға қатысқаным үшін қуаныштымын. Осы этноауылдың арқасында қазақ халқының салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысудамын.
–  Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазақ халқының өткеніне үңілудеміз. Бұл іс-шара еліміздегі ұлттар достастығын бекемдеп, бір-бірімізге деген сый-құрметімізді арттырары сөзсіз.
– Көптеген салт-дәстүрмен таныстым. Алтыбақан теуіп, уақытты танымдық тұрғыда пайдалы өткізіп жатырмыз.

Этноауылда қыздар кесте тігуге, ал ат жалын тартып мінерлер қамшы өруді үйренуге де мүмкіншілік алды. Айта кету қажет, Теңдіктегі дүбірлі думан 10-шы шілдеге дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында бұл іс-шараға Тайынша ауданындағы 42 мектептің 200-ге тарта оқушысы қатысады.

Алдияр Айтпаев