МТРА жаңалықтары

“Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің жұмысы

Жыл сайын “Петропавл” бекеті арқылы мұнай өнімдерінің ауқымды бөлігі жөнелтіледі. Сұйықтықтың сапасы – басты назарда. Мұнда тиісті тексеріс жұмысымен арнайы сынақ зертханасының қызметкерлері мұқият айналысады. Олардың негізгі міндеті – сапасыз отынды дер кезінде анықтау. Іс барысында мамандар жанармайдың 10-нан астам параметрін бағалайды. Шаруа заманауи жабдықтардың көмегімен тындырылады.

Анна Толмачёва, “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекеті сынақ зертханасының бастығы:
– Бізге жөнелтілетін мұнай өнімнің үлгілері ұсынылады. Оларды бірқатар параметрлер бойынша зерттейміз. Анализ барысында қателікке жол бермеу үшін әрбір үлгі бірегей нөмірді алады. Биыл қолданысқа Бірыңғай зертханалық ақпараттық жүйе енгізілді. Оның көмегімен жұмысымыздың тиімділігі айтарлықтай артты. Аталған жаңашылдық барлық құрылғы мен жұмыс орындарын біріктіріп, істі автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Бірақ, жалғыз заманауи жабдық жеткіліксіз. Ұжымға тиісті деңгейдегі мамандар да керек. Зейінді жинақтай білу, аналитикалық ойлау, жауапкершілік пен ұқыптылық – зертханашының бойынан табылуы қажет басты қасиеттер осылар. Мұндағы мамандардың өмірінде зертхана екінші үйлеріне айналыпты.

Ольга Карпенко, “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің химиялық талдау зертханашысы:
– Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 25 жылдай болып қалды. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Мысалы, жанармайдың сапасына қойылатын талап күшейді, техникалық құрал-жабдықтар айтарлықтай жақсарды. Біз өз кезегімізде заман талабына сай болуымыз керек. Сондықтан, оқудан өтіп, шеберлік деңгейімізді арттырамыз.

Зертхана ұжымы өз жұмысында Қазақстан мен Ресей заңнамасын, мемлекеттік стандарттар мен басқа да нормативтік құжаттардың талаптарын қатаң сақтайды. Бұл “Петропавл” бекеті арқылы тасымалданатын жанармайдың сапасын тұрақты және тиімді бақылауға, сонымен қатар, тұтынушыларды кедергісіз қамтуға кепілдік береді.

Байболат Култанов