Спорт

Өңір намысын абыроймен қорғаған тайыншалықтар

Өңір намысын абыроймен қорғаған тайыншалықтар. Шағын футболдан өткен ел біріншілігінде топ жарған бұрымдылар үйлеріне оралды.
Бүгін Тайынша қаласындағы теміржол вокзалына жиналған бұқараның қарасы қалың. Қолдарына шар мен плакат ұстаған жандар чемпиондарды асыға күтіп тұр. Көптің арасында Андрей мен Юлия Аленик те бар. Олардың қызы өзінің спорттық мансабындағы алғашқы ел біріншілігінен алтын медальмен келе жатыр.

АНДРЕЙ АЛЕНИК, Тайынша қаласының тұрғыны

– 3 жыл бұрын қаламыздағы 4-ші мектепте шағын футболдан үйірме ашылды. Қызымызды сонда жібердік. Бұл спорт түріне ол тез бейімделіп кетті. Жақсы нәтижелер көрсете бастады. Енді міне чемпион қызымызды күтіп тұрмыз. Осындай дәрежеге жеткізген бапкерлеріне алғыс айтамын.

Ата-анасы күтіп тұрған Сабина ел біріншілігінде айрықша ерекшеленген. Бұрымды финалдық кездесу нүктесін қоюға себепші болған. Шымкенттіктерге қарсы өткен матчта нәзікжанды 30 метрден гол соғып, командасына жеңіс сыйлаған екен. Жалпы, чемпионатта Сабина 2 гол соққан.

САБИНА АЛЕНИК, шағын футболдан ел біріншілігінің жеңімпазы
–  Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымыз мықты болды. Бұл – біздің командамыздың алғашқы үлкен жарысы. Сондықтан болар, қатты уайымдадық. Бірақ, жеңіс бізге бұйырды. Өте қуаныштымыз.

Айта кетейік, бұл жарыс маусымның 1–і мен 8-і аралығында Шымкент қаласында өтті. Оған барлығы 8 команда қатысқан.

АНДРЕЙ МАЛАФЕЕВ, жаттықтырушы
– Бұл жарысқа үздік үштікке кіру керек деп барған едік. Бірақ, чемпион боламыз деп ойламадық. Қарсылас командалардағы ойыншылар әлдеқайда мықты болды. Кейбірі арнайы орталықта дайындалады. Ал біз өз мектебімізде жаттығамыз. Шәкірттерімнің бұл жетістіктеріне өте қатты ризамын.

Жалпы, тайыншалықтар үшін шағын футболдан чемпиондық атақ таңсық емес. Аудан бұрымдылары 2013 жылы да ел біріншілігінде топ жарыпты.

Алдияр Айтпаев