МТРА жаңалықтары

Баспана – бас қайғы

Екатерина Карташованың көз жасын көл еткеніне 2 айдың жүзі болды. Сәуірде қамыстан от тарап, жанұясымен бірге Былғары зауыты ауданында жалдап тұрып жатқан баспанасы жанып кетті. Мына кадрлар соған дәлел. Тілсіз жау тұрғынжайдағы дүниенің барлығын күлге айналдырыпты. Нәзікжанды бұл күнді ешқашан ұмытпас.

ЕКАТЕРИНА КАРТАШОВА – қала тұрғыны
– Баспанамыз сәуірдің 15-ші жұлдызында жанып кетті. Бұл күні қызымыз екеуіміз ауруханада жатқанбыз. Ұлым анамның үйінде, ал жолдасым жұмыста болды. Түс ауа біз емдеу мекемесінен шықтық. Үйге бара жатқан жолда күйеуім хабарласып, шаңырағымыздың ортаға түскенін айтты. Жүрегім тоқтап қала жаздады.

Бүгінде азаматша отбасымен бірге танысының үйінде тұрып жатыр. Аядай ғана баспана қос жанұяға тарлық етеді. 11 жастағы Александр мен 5-тегі Мария жаға ұстатарлық жағдайдан хабардар. Әке-шешесі барлығын түсіндіріпті. Қанша қиын болғанымен Екатерина ұл мен қыздың көңілін аулауға, ойнатуға тырысады. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Тағдырдың тауқыметін тартқан нәзікжанды қалалық әкімдікке уақытша тұратын баспана сұрап бірнеше рет барыпты. Алайда, үнемі “жоқ” деген жауап алған екен.

ЕКАТЕРИНА КАРТАШОВА – қала тұрғыны
– Бізге уақытша тұратын баспана берілсе екен. Бүгінде қалада пәтер жалдау мүмкін емес. Баға деген күйіп тұр. Бірер айдан соң балаларды мектепке дайындау қажет. Қолымызда ақша жоқ, құжаттарымыз да жанып кетті. Қазіргі жағдайымызды сөзбен жеткізу өте қиын.

Өз үйім – өлең төсегім! Айдын-күннің аманында баспанасыз қалған азаматша сонау 2013-те пәтер кезегіне тұрыпты. Арада 10 жылға жуақ уақыт өтті. Алайда, армандағы үйдің ауылы әлі алыс.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
–  Нәзікжандының мәселесімен қалалық әкімдікке жүгіндік. Алайда, мардымды жауап ала алмадық. Мұндағы қызметкерлер қазіргі таңда уақытша үйдің жоқтығын айтты. Енді азаматшаның пәтерін күтуден басқа амалы жоқ. Ал бүгінде ол пәтер кезегінде 1449-шы сатыда тұр екен.

Байболат Култанов