ТЖ

Трансшекаралық өрт-тактикалық оқу-жаттығулар жиыны өтті

Екі ел арасындағы тәжірибе алмасу. Қызылжар ауданына қарасты Вагулино ауылында табиғи өрттерді жою бойынша трансшекаралық өрт-тактикалық оқу-жаттығулар жиыны өтті. Маңызды шараға жергілікті мамандар мен көрші Ресейдегі Түмен облысының өрт сөндірушілері қатысты. Қос тараптың мақсаты бір. Шапшаң қимылдап Шекара аумағында пайда болуы мүмкін қызыл жалынды тез уақытта ауыздықтап үйрену.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің 3 бірдей аймағымен шектеседі. Олар Түмен, Қорған және Омбы өңірлері. Екі ел арасындағы орманды дала шекарасының жалпы ұзындығы 1200 км-ден асады. Бұл өте үлкен аумақ. Табиғи апатпен жалғыз күресу мүмкін емес. Сол себепті, тілсіз жаумен бірге күресуіміз қажет. Бүгінгі оқу жаттығу жиындары мамандардың біліктілігін арттырады деген сенімдемін.

Қураған шөп, ағаш пен қайыңнан тұрғызылған шағын үйшіктер. Қас қағым сәттің ішінде айналаны түгелдей көк түтін шарпыды. Оқу-жаттығу жиыны барысында мамандар осы аталған дүниелерге от қойды. Осы қызыл жалынды қысқа уақыттың ішінде сөндіріп үлгерулері тиіс. Алдын ала құрылған арнайы тактиканың арқасында өрт толығымен сөндірілді.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:
Бүгінгі оқу-жаттығудың мақсаты – мамандардың жедел әрекет етуін пысықтау. Оқу-жаттығу жиынына 25 бірлік техника мен жеке құрамнан 67 адам жұмылдырылды. Яғни, қос мемлекеттің өрт сөндірушілері. Солтүстік Қазақстан облысы тарапынан іс-шараға мемлекеттік орман иеленушілері, еріктілер, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері де қатысып жатыр.

Сөз соңында айта кетейік, жыл басынан бері аймағымыздағы ормандарда қызыл жалын 46 рет бас көтеріпті. Тілсіз жау 1223 гектар жерді шарпыған. Мамандардың сөзінше төтенше жағдай көбінесе тұрғындардың отты дұрыс пайдаланбауынан туындайды. Осы орайда өрт сөндірушілер солтүстікқазақстандықтарды абай болуға шақырады.

Бердимурат Баймухан