МТРА жаңалықтары

Екінші республика. Жаңа саяси модельге көшу

Жалпыхалықтық дауыс беруге 8 млн қазақстандық қатысты. Бұл жайында орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі
– Ал Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қарсылық танытқандардың саны 1 млн-нан асады. Дегенмен де қолдау деңгейі жоғары болды. Бюллетеньдердің 2,5 пайызы жарамсыз деп танылды.

Сонымен, жалпыхалықтық дауыс беру өтті. Қазақстандықтардың басым бөлігі орын алатын өзгерістерді қолдады. Күні кеше ғана Ата заңға қатысты өзгерістер мен толықтырулар өз күшіне енді. Енді түзетулерге сәйкес, елімізде жаңа заң қабылдау тәртібі енгізіледі. Яғни, Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды. Бұл нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 61-ші бапқа сәйкес ол конституциялық заң жобаларын да, жай заң жобаларын да қабылдау рәсіміне қатысты болады.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
– Лауазымды адамдарға өкілеттіктер беруді белгілейтін ҚР Конституциясының нормалары – егер ҚР Конституциясында басқасы көзделмесе, осы лауазымды адамдар өкілеттігі мерзімінің аяқталуына немесе өкілеттіктерінің толық тоқтауына қарай қолданысқа енгізіледі. Мысалы, Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутат мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайтын болады.

Сондай-ақ, елімізде Конституциялық сот пайда болады. Енді қандай да бір Конституциялық қаулыға өзгерту қажет болса, ол Конституциялық сот құрылғаннан кейін ғана жүзеге асады.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:

– Келесі мәселе, ҚР Парламент Палаталарын құру туралы ережесі. Бұл нормалар 8-ші сайланған Парламент Мәжілісі депутаты сайланғаннан бастап қолданылады.

Сонымен, Ата заңның 33 бабына енетін 56 өзгеріс өз күшіне кезең-кезеңімен енеді.

Дана Ешкенова