МТРА жаңалықтары

Алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болды

Шетелге демалуға шығамын деп алданып қалмаңыз. Әлеуметтік желіде алаяқтықтың тағы бір түрі пайда бопты. Бұл туралы полиция қызметкерлері хабарлады.
Пәтер жалдау, белгілі бір қызметке тапсырыс беру, тауарды тиімді бағамен сату және сатып алу – интернет қуларының қитұрқы істері алуан түрлі. Пысықайлар жарнама сайтында ғана тұзақ құрмайды, олар енді азаматтардың маусымдық сұраныстарын да қалт жіберер емес. Петропавлда шетелге туристік жолдама рәсімдеуге қатысты интернет-алаяқтықтың үш бірдей фактісі тіркелді. Сан соғып қалған жандардың барлығы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған жарнамаға сеніп қалған.
Менеджермен WhatsApp арқылы жазысып, алдын ала төлем жасаған.
Аударым түсісімен манағы менеджер деген адам ізім-ғайым жоғалады.
Алаяқтардың аузында кеткен ақша 90 мыңнан басталып 360 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Қазіргі уақытта криминалдық полиция мамандары шұғыл-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жеңісгүл Бейсембина, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Құрметті қала тұрғындары, Петропавл қаласы Полиция басқармасы ешкімге ешқандай жағдайда өздеріңіздің қаражаттарыңызды аудармауға кеңес береді. Қандай да болсын тауарлар мен туристік жолдамаларды тексерілген туристік агенттіктерден алыңыздар.

Данаш Хамзина