Үкімет отырысы

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:09 8 Маусым 2022

Көктемнің бір күні – жылға азық! Осындай қағиданы берік ұстанатын отандық шаруалар биыл әдеттегідей маңызды іске білек сыбана кірісті. Ағымдағы жылы Қазақстанда 23,1 млн га тұқым себілмек. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 105 мың га көп.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– 7 маусымдағы жағдай бойынша дәнді дақылдарды егу Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңінде қатты жауын-шашынға байланысты кейінге қалдырылды. Шаруаны ағымдағы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Осы орайда өткен жылға оралайық. Былтыр Қазақстанда айлап аптап ыстық болды. Салдарынан алқаптардағы астық зардап шекті. Бұл жағдай биыл қайталануы мүмкін бе? Көптің көкейіндегі сұрақты еліміздің бас диқанына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қойды.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Егін егу жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтадық, топырақта жиналған ылғалды сақтау бойынша жұмыс уақытында жүргізілді. Қазгидромет маусым айына қолайлы болжам ұсынды. Осы факторлардың барлығы қазіргі уақытта астық түсімін орташа жылдық көлем деңгейінде болжауға мүмкіндік береді. Егер бидай туралы айтатын болсақ, жалпы жиын-терім 13-13,5 млн тонна деңгейінде болады деп болжап отырмыз.

Жоспардағы бұл көрсеткіш былтырғы көлемнен шамамен 15%-ға көп екен. Үкімет отырысына облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысып, баяндама жасады. Биыл өңірде 4,3 млн гектар жерге тұқым себілген. Әртараптандыру аясында күнбағыс егісінің алқабы – 1,7, ал жасымыққа тиесілі танап 1,5 есеге ұлғайтылған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 170 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарлануда. Бүгінде 1,5 млн гектарға шамамен 100 мың тонна себілді. Қалған 70 мың тонна вегетациялық және күзгі орақтан кейінгі кезеңде енгізіледі.

Сапалы әрі көл-көсір өнім алу үшін химиялық өңдеуге де баса мән беру қажет. Арамшөп мен зиянкестерге қарсы күрес жүргізілмесе, күллі еңбек зая кетеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Егістікті химиялық өңдеу басталды. 3,4 млн гектарда гербицидтік өңдеу жүргізілмек, 1,3 млн гектарға ауруға және зиянкеске қарсы өңдеу жүргізіледі. Жыл сайын қаржы институттары көктемгі дала және астық жинау жұмыстарына қаржы бөледі. Осы жылы Аграрлық кредит корпорациясы 20 млрд теңге қаржыландырды. ҚазАгроҚаржы арқылы 8 млрд теңгеге 231 өтінім қаржыландырылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда астықтың қажетті қоры бар. Бұл қор жаңа өнімді жинап алғанша жетпек. Алдағы күздің қорытындысы бойынша да елімізде тапшылық орын алмайды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ – ҚР Премьер-Министрі
– БҰҰ-ның наурыздағы бюллетеніне сәйкес, Қазақстанда биыл астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. 18-19 млн тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 млн тоннаны құрайды. Тіпті қолайсыз ауа райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сөз соңында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов салаға жауапты органдарға бірқатар тапсырма берді.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда құс фабрикасының құрылысы басталды
Облыс әкімі “CLAAS” зауытының өкілдерімен кездесті
СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы
Облыс әкімі ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы
Референдумға атсалысқан солтүстікқазақстандық белсенділер марапатталды
Облыс әкімі құрылыс алаңдарында болды
Медицина қызметкерлері күні