МТРА жаңалықтары

«Тағдырымның тамшылары» кітабының салтанатты таныстырылымы өтті

Солтүстікқазақстандық ақын Аманжол Зағыпардың «Тағдырымның тамшылары» кітабы көпке таныстырылды. Тырнақалды туынды бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен жиында жергілікті оқырман қауымның назарына ұсынылды.

Салтанатты іс-шараға студенттер мен өңіріміздің зиылы қауым өкілдері жиналды. Бұл -ақынның алғашқы жеке өлеңдер топтамасы. Жастар жағы сиясы кеппеген кітаптың бетін ашып, Аманжол Зағыпарұлының өнерімен танысуда. Ал аға буын өкілдері ақынның шығармашылығы жайлы айтып, туындыға өз бағаларын берді.

Дәстен Баймұқанов, ақын-сазгер:
– Мен оның шығармасын бұрыннан танимын. Аманжол Зағыпар – жан айқайы бар патриот ақын.

Жалпы, ақынның өлеңдері бұдан бұрын да көптеген антологияда жарық көрген. Бірақ, бөлек басылым ретінде шығарылмай келіпті. Мұндағы мақсатым – өлеңдерді сүзгіден өткізіп, оқырманға сапалы еңбек ұсыну болды дейді Аманжол Зағыпар.

Аманжол Зағыпар, ақын, Қазақтан Жазушылар одағының мүшесі:
– Бұл кітапқа Фариза Оңғарсынова апамыз төрағалық жасаған байқауларда ұсынылған өлеңдер кірген. Жалпы, бұл кітап мәдениет басқармасының қолдауымен шығып отыр.

Ата-анаға сағыныш, туған жерге деген сүйіспеншілік, махаббат, табиғат, тағысын тағы. Автордың кітабына түрлі тақырыпты қамтитын 110-ға жуық туынды енген. Туынды алдағы уақытта облыс көлеміндегі барлық кітапханаларға жеткізіледі.

Бердимурат Баймухан