Білім

“Өрлеу” орталығының мамандары вебинар өткізді

“Өрлеу” орталығының жергілікті филиалында STEM бағыты бойынша
“Теориядан практикаға” тақырыбында вебинар сабақ өтіп жатыр. Іс-шараға шағын жинақты мектептердің мұғалімдері қатысуда.

Бүгінгі жиынға химия, биология, физика және география пәнінің ұстаздары келіп отыр. Барлығы өңір мектептерінен біліктіліктерін арттыруға 25 педагог ниет танытқан. Араларында Корнеевка орта мектебінің мұғалімі Наталья Бабенко да бар. Нәзікжанды орта буындағы оқушыларға 3 бірдей пәннен сабақ береді. Сол себепті, осындай арнайы курстарға жиі қатысып, біліктілігін арттырып тұрады.

Наталья Бабенко, Корнеевка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:
– Мен үш пәннен сабақ беремін.
Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін өзім де соңғы трендтерден қалыс қалмауға тырысамын. Бүгінде STEM әлемдік білім беру бағыты мектептер арасында сұранысқа ие. Бұл бағыт ұқсас пәндерді біріктіреді. Соның арқасында біз теорияға емес практикаға басымдық береміз. Көптеген мысалдар келтіреміз.

Жалпы, вебинар сабақ “Ауыл-ел бесiгi” жобасы аясында өтіп жатыр. Оның барысында ұстаздарға жаңаша STEM оқыту әдістері түсіндіріледі. Педагогтармен жергілікті орталықтың қызметкерлері ғана емес, Маңғыстау облысының білікті мамандары өз тәжірибелерімен бөліседі.

Гүлден Ақмағамбетова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ зертхана меңгерушісі:

– STEM оқыту пәнаралық көзқарасты біріктіреді. Оның негізгі жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерлік шығармашылық және математика интеграциясы болады. STEM оқыту негізіндегі интеграцияланған тәсілдің мақсаты – әлемдік экономикадағы STEM сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін дамытуға ықпал ету.

Жалпы, “Өрлеу” орталығының жергілікті филиалында осындай біліктілік арттыру вебинарлары жылына 6 рет ұйымдастырылады. Көбінесе іс-шараға ауылдағы шағын жинақты мектеп мұғалімдері қатысады. Облыс көлемінде осындай 366 білім ұясы бар.

Дана Ешкенова