МТРА жаңалықтары

Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту

Осыдан 5 жыл бұрын Лилия Боева Солтүстік Қазақстан университетінің колледжін бітіріп, жас маман атанады. Қолына дипломын алған нәзікжанды бірден Полиция департаментіне жұмысқа тұрады. Онда ол жарты жылға жуық уақыт бойы жұмыс істейді. Кейін бойына бала біткен азаматша декреттік демалысқа шығады. Ана атану бақыты әне-міне бұйырады деп жүрген Лилия Боева жүктілік барысында өзінің генетикалық ауруға шалдыққанын анықтайды. Ақхалаттылар бұлшықет атрофиясы деген диагноз қойған.

ЛИЛИЯ БОЕВА, қала тұрғыны
–  Осылай жүктілік кезінде мүгедектік алдым. 3-4 жыл көлемінде ауырдым. Ұлымды да өзім бағып-қағып өсірдім. Бойымда мүгедектікпен жұмысқа орналаса аламын ба деген қорқыныш болды. Табалдырықтарын тоздырып, түрлі мекемеге бармадым. Бірден жұмыспен қамту орталығына баруды жөн көрдім.

Орталық мамандары Лилияға 3 күнде жұмыс тауып берген.

ЛИЛИЯ БОЕВА, қала тұрғыны

– Маған бірнеше жұмыс ұсынды. Физикалық жүктемесі жоқ, өзіме келетін вакансияны таңдап алдым. Осылайша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жұмысқа тұрдым. Өзіме бұл жұмыс ұнайды. Баламды балабақшаға апарып, әкете аламын. Басшылық жағдайымды түсінеді. Жалақым да көңілімнен шығады.

Жалпы, жыл басынан бері тағдыр сынағына ұшыраған 256 солтүстікқазақстандық жұмыспен қамту орталығынан жүгініп, 200-ге жуығына жұмыс табылған. Сондай-ақ, 10 адам өз ісін дамыту мақсатында мемлекеттік грантқа ие болды.

ЛАРИСА ШЕРЕМЕТЬЕВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы
– Мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орнын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсатта түрлі кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынас ұстанамыз. Биыл барлығы 25 кәсіпорында мүгедектерге арналған квота ретінде 30 жұмыс орны қарастырылған. Соның 20-сы бойынша еңбек ететін адам табылды. Жалпы, жыл сайын 600-ге тарта мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс іздеп жүгінеді.

Мамандардың айтуынша осыған дейін еңбекпен қамту, кәсіптік оқыту бағытындағы шаралар легі “Еңбек” жол картасы аясында жүзеге асырылып келді. Биылдан бастап бұл бағдарлама “Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы” деген атауға ие.

Алдияр Айтпаев