МТРА жаңалықтары

Қос тарап келісімге келді

Қос тарап келісімге келді. Кеше Якорь ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы органдардың мамандарымен кездесіп, елді мекендегі өзекті мәселені талқыға салды.

Якорьлықтар 20 жылдан бері ауыз судың тапшылығын көруде. Тіршілік көзі жоқ емес, бар. Бірақ, оны тұрғындар тәулік бойы тұтына алмайды. Яғни, су күн сайын сағаттап беріледі. Қуынышқа орай, бұл проблема 2023-те шешімін табады. Мамыр айында желілерді жаңғырту жұмыстары басталыпты.

СЕРГЕЙ КОЛЕСНИКОВ, «КазЕвроСтрой» ЖШС өкілі
– 12 шақырымға диаметрі – 110, ал 1400 метрге 160-тық құбыр салынады. 155 құдық орнатамыз. Жалпы, бұл жобаның құны 463 млн теңгені құрайды.

Якорьлықтарды толғандырған тағы бір мәселе бар. Ол да ауызсуға қатысты.

ТАТЬЯНА КАРАСЕВА, Якорь ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы
– Ауылдың шет жағында тұратын адамдар үшін су тарту айтарлықтай шығын келтіреді. Құдықтан үйге дейінгі аралық тым алыс. Мысалы, кейбір баспаналар 400 метр жерде орналасқан. Ал құбырдың 1 метрін тарту 3,5 мың теңгені құрайды. Зейнеткерлер мен мүгедек жандардың қалталары мұны көтермейді.

Татьяна Карасева жергілікті атқарушы органдар әрбір үйге су кіргізуге көмек берсе дейді. «КазЕвроСтрой» серіктестігі тұрғындарға жеңілдік жасауға дайын. Халық тіршілік көзін тартуға жұмсалатын қаржыны бөліп қайтара алады. Бұл жәрдем жұртшылықтың көңілінен шықты. Айта кету қажет, жергілікті билік пен ауылдықтардың басын қосқан кездесуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталығының облыстық филиалы ұйымдастырып отыр. Медиа-орталық өкілдері көптен күткен шаруаны бақылауды да назардан тыс қалдырмапты.

РУСЛАН АСАУБАЕВ, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық” РҚБ СҚОФ жетекшісі
– Ауылдық округтің әкімімен сөйлесіп, мұндағы шаруаны бақылаудың жаңа механизмін енгізуді ұйғардық. Ол үшін туған жеріндегі іске бейжай қарамайтын 3 тұрғын таңдап алынды. Олар бүгінде су тарту жұмысының қалай жүргізіліп жатқанын қадағалап отырмақ.

Тұрғындар бір олқылықты анықтаған жағдайда жергілікті билікке жеткізе алады. Айта кетейік, бүгінгі күні Якорь ауылында 2 мыңнан астам адам тұрады.

Алдияр Айтпаев