МТРА жаңалықтары

Бизнесмендердің базынасы


Жаңа талап жұмысымызға кедергі! Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер аяқ киімді таңбалауға қарсылық білдіріп жатыр. Айтуларынша, өткен жылдың қарашасында пайда болған мұндай міндетті жұмыс күш-жігерді, қосымша қаржыны талап етеді.

АНГЕЛИНА ТУРМАНАУЛИ, кәсіпкер:
– Мен сияқты кәсіпкерлер жұмыстарын түпкілікті тоқтатып, сауда саласынан қол үзуге мәжбүр болып отыр. Ары қарай не істейтінімізді білмейміз? Есепшіні, IT маманды, сатушыны және кассирді жалдау оңай шаруа емес. Бұлай жұмыс істей алмаймыз.

Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Қазір қоғамда аяқ киімді таңбалаудан пайда көріп жатқандар да бар екен. Олар өз қызметтерін жай да не істерлерін білмей жүрген кәсіпкерлерге ұсыныпты. Бірақ, бағалары бас шайқатады.

КАМИЛЬ БЕКТЕМИРОВ, кәсіпкер:
– Делдалдық қызмет ұсынатын фирмалар қаптап кетті. Олардың өкілдері бізге жүктелген істің барлығын өзіміз тындырамыз деп отыр. Бірақ, әр жұпқа 2 мың теңге алмақшы. Бұдан кейін баға шарықтамай қайда барады? Мемлекеттік органдар, Қазақтелеком бұл талап контрафактілік өнімдермен күрес үшін күшіне енді дейді. Ал бізде кеден қызметі бар емес пе? Заңға сәйкес салық төлейміз. Түптеп келгенде, біз тауарды сырттан әкелмейміз, Қазақстанда сатып алып, тұрғындарға саудалаймыз.

Бизнесмендердің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Олардың базынасын облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тыңдапты. Мәселені шешудің алғашқы қадамдары жасалыпты.

ЛИНА ЕРМОЛАЕВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
– Бұл пилоттық жобаға бөлшек сауда өкілдері қатыспаған. Мәселе жан-жақты қаралмаған. Біз базынаны Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жеткіздік. Алайда, әлі күнге дейін қолдау көрсетілмей жатыр.

Кәсіпкерлер Үкіметтен қолдау күтеді. Олар көптің көңілінен шықпаған талаптың жақын арада күшін жойғанын қалайды.

Байболат Култанов