МТРА жаңалықтары

Президент: тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды

Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеу жасады. Ұсынылған өзгерістерді отандастарымыздың басым көпшілігі қолдаған тарихи іс-шара жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар айтуда. Енді конституциялық реформалар саяси жаңғырудың анық символына айналмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті
– Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын.

Алғысын білдірген соң Президент қоғамдағы негізгі бағыттарға тоқталып өтті. Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру үшін неге басымдық берген жөн? Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою, кәсіпкерлікті қолдау маңызды. Тағы жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру керек. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі де қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті
– Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.

Адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейту негізгі міндеттердің бірі болмақ. “Жаңа, Әділетті Қазақстанда
полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді”,- деді мемлекет басшысы. Қыркүйек айында
Парламенттің кезекті сессиясының ашылуы өтеді. Сол жиында Президент елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдер айтпақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті
–  Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
– “Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын”,- деді Президент. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жұдырықша жұмылуға шақырды. “Елді дамыту ісіне бірлесе кіріссек, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін” деп кезекті үндеуін қорытындылады мемлекет басшысы.

Байболат Култанов