МТРА жаңалықтары

Петропавл көшелерін ақ мамық басты

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– 6 айға созылған қыстан енді ғана шықтық-ау деп жатқанда айнала қайтадан ақ ұлпа жамылды. Бұл жолы жердің бетін қар емес, терек ағаштарынан шашыраған мамық басты. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір көше бойы, саябақ пен көктің үсті түгелдей мынадай жұмсақ дүние жамылып жатыр.

Жаз келісімен ағаштар айналаны ақ ұлпамен көмкерді. Бұл құбылыс табиғатқа өздігінен әсем бір көрініс сыйласа, екіншіден адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Нақтырақ айтсақ, ағаштан жауған мамық кісінің аузы-мұрнына кіріп, бетті қышытады. Ал аллергиясы бар адамдар үшін осы мезгіл тіпті қиынға соғатыны белгілі. Бұл – солтүстікқазақстандықтардың жыл сайын көтеретін мәселесі.

БЛИЦ:
– Ескі ағаштардың барлығын кесіп тастап, орнына жаңасын отырғызған жөн. Мамық жүріп-тұруға кедергі келтіреді.
– Қайтадан бетперде тағуға тура келетін сияқты. Мамық бетіміз бен мұрнымызды қышып, аллергия тудырып жатыр.

Тұрғындардың шағымданатындай жөні бар. Ақ мамық аллергияны ғана қоздырмайды, сондай-ақ, өрттің болу қаупін тудырады. Қолдарына сіріңке тиген балалар оны әлбетте тұтатпай қоймайды. Ойыннан от шығып, қызыл жалын тұтас бір баспананы өрттеп жіберуі мүмкін. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарды абай болуға шақырады.

ЖАНАТ ҚАПАРОВ, қалалық ТЖ басқармасының аға анықтаушысы:
– Жақында Петропавлда мамық жағудың бір жағдайы тіркелді. Оқыс оқиға жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласында болды. Нысан зардап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер жеткенше тұрғындар отты өздері сөндіріп үлгерген. Осы орайда қалалықтарды үй маңын тазалап отыруға кеңес береміз. Сонымен қатар, ата-аналар балаларына сіріңкемен ойнамау қажеттігін айтып отырулары тиіс.

Ал қалалық әкімдік өкілдері өз кезегінде мамық шашатын теректерді кесу жұмыстарын жыл сайын жүргізіп келеміз дейді. Шаруа биыл да жалғасын таппақ.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қала көшелерінде мамықтың көп жиналуына байланысты көшелерге су себу жұмыстары басталады.

Қала тұрғындарына шыдаудан басқа амал жоқ немесе жаңбырдың жауғанын күту керек. Сонда ғана шаһар көшелерінде ұшып жүрген ақ мамық басылады.

Бердимурат Баймухан