Мәдениет

«Мәңгілік» би ансамблі халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды

Жергілікті «Мәңгілік» би ансамблі Кипрде өткен 14-ші халықаралық «Зердали» фестивалінде гран-при иеленді. Биыл дәстүрлі байқау 31-ші мамыр мен 5-ші маусым аралығында өтті. Онда өнер ұжымы хореографиялық нөмірлерді ортаға салып, өздерін жоғары деңгейде көрсетіпті.

МИХАИЛ ЛАХТИН, “Мәңгілік” би ансамблінің жетекшісі:
– Барлығы – 5 нөмір ұсындық. Алғашқы күні шәкірттерім 5 минуттық би биледі. Келесі кезеңдегі ұлттық биіміз 7 минутқа созылды. Күннің ыстығына қарамастан жігіттер өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Көрермендерге, әсіресе, олар ұсынған «Батырлар ізімен» биі қатты ұнады. Тіпті, жабылу салтанатында қайта билеп беруді сұрады.

“Батырлар ізімен” биіне ансамбль ерекше дайындалыпты. Киген киімдерінде де өзіндік стиль бар. Иыққа жабылған қасқыр терісі жұртшылықтың назарын аударды.

“Зердали” фестиваліне ансамбльдің 8 мүшесі қатысты. Солардың бірі – Әлібек Серғазин. 20 жастағы жігіт халықаралық дәрежедегі байқауға алғаш рет барыпты. Өзіне өзге елдердің өкілдерімен танысу, тәжірибе алмасу ерекше ұнаған екен.

ӘЛІБЕК СЕРҒАЛИН, «Мәңгілік» би ансамблінің бишісі:
– Өз өнерімізбен қазылар мен көрермендерді таң қалдырамыз деп ойламадық. Жетекшіміздің арқасында осындай маңызды байқауда жеңіске жетіп отырмыз. Эсентепе тұрғындары бізге қошемет көрсетіп, үнемі жылы лебіздерін жолдап отырды. Сонымен қатар, фестивальде түрік биінен шеберлік сағаты өтті. Онда да өзімізді жақсы көрсеттік.

Демалуға уақыт жоқ. Келе салысымен ансамбль дайындықты күшейте түскен. Себебі, 10-шы маусым күні жерлестеріміз Нұр-Сұлтанда өтетін халықаралық фестивальде бақ сынамақ.

Самал Жунусова