МТРА жаңалықтары

Биыл М.Жұмабаев ауданында қандай шаруа тындырылмақ?

Күні кеше ғана М.Жұмабаев ауданында көктемгі дала жұмыстары аяқталды. Жергілікті диқандар 280 мың гектарға дәнді дақыл сіңірсе, 95,8 мың гектар жерге майлы өнімдердің тұқымын сепкен.

Маңызды науқанда шаруалар 45 мың тоннаға жуық кондициялы дән пайдаланған. Егістік жұмыстарына 1200 бірлік ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Оның ішінде 76 өнімділігі жоғары кешен бар.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Ағымдағы жылдың басынан бастап ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 2,2 млрд теңге сомасына 172 бірлік техника мен жабдық сатып алғанын атап өткім келеді. Топырақ құнарлылығын арттыру үшін ағымдағы жылы 16,084 тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отырмыз. 2021 жылы ауыл шаруашылығы бойынша инвестиция көлемі 8,6 млрд теңгені құрады немесе өткен жылдың деңгейінен 117,5 пайызға жоғары.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде М.Жұмабаев ауданында 4 бірдей сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл Жастар ауылында 600 басқа шақталған тағы бір кешен бой көтеруде. Сондай-ақ, алдағы уақытта Возвышенка елді мекенінде де осындай кәсіпорын салынбақ. Бір сөзбен айтқанда, ауданның ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер бар. Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторына тоқталайық.

Қайрат Омаров, М. Жұмабаев ауданының әкімі:
– Жалпы, аудан бойынша өткен жылы 2,5 млрд теңгеге 50 км жол жөнделді. Ағымдағы жылы жолдарды жөндеуге 2,3 млрд теңге бөлінді, бұл шамамен 40 км жөндеуді қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайыз құрайды.

Статистика жаман емес, дегенмен ауылдағы ағайын жолдардың жағдайына жиі шағымданады. Мәселен, Булаев қаласы мен Возвышенка елді мекені арасындағы 60 шақырымды құрайтын трасса талапқа сай келмейді.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Бұл жол республикалық маңызға ие. Бұл учаскеге әлі ақша бөлінген жоқ. Бірақ, келесі жылы жолды жөндеу жоспарда бар. Жалпы, Возвышенка – бұрынғы аудан орталығы, онда 2 жарым мың адам тұрады.

Атқамінердің сөзіне сенсек, аудандағы 62 елді мекеннің 99 пайызы орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Ағымдағы жылы ауданның су тарату желілерін жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді. Қыруар қаржыға 3 ауылда тиісті шаруа жүргізілмек. Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй құрылысының оң динамикасы байқалады. Өткен жылы 10 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті. Биыл 3 қабатты 45 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы бастау алған. 1 шаршы метрдің құны 160 мың теңгеден аспайды.

Дана Ешкенова