МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аққайың ауданында болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аққайың ауданында болып, ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жолдың жағдайын қарады, ауызсудың сапасын байқады.
Ауданда даму қарқыны жақсы елді мекендердің бірі – Ленинское.
Ауылдан республикалық трассаға өтетін 3 шақырымдық жолға асфальт төселіп жатыр. Жұмыс маусымның соңына таман аяқталуы тиіс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Биыл біз Власовка кентінің жолдарын жөндеуге 200 млн теңге бөлдік. Сонымен қатар, Аралағаш ауылында да жол жөндеу жұмыстары басталуы тиіс. Елді мекендерді біртіндеп ретке келтіреміз. Айта кету қажет, Ленинское ауылының дамуына 4 жыл ішінде 649 млн теңге жұмсалды.

Сондай-ақ, жақында Дайындықтан Ленинское ауылына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары аяқталды. Оны қалыпқа келтіруге жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденов өз қалтасынан қомақты қаражат бөлген. Сондай-ақ, аграрий биыл халық игілігі үшін қоғамдық монша салған екен. Бұл нысанның құрылысына азамат 22 млн теңге шамасында қаражат жұмсаған.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «ДАЙЫНДЫҚ-АГРО» ЖШС БАСШЫСЫ, Аққайың ауданы

– Моншадан басқа, тағы техникалық қызмет көрсету станциясын салдық. Тұрғындар қалаға барып, әуре болмайды. Көліктің майын осында ауыстыра беруге болады. Жеңіл автомобильдерге арналған жылы гараждар да бар. Бұл кешенді салуға 22 млн теңге қаражат бағытталды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ,, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Ауылдарда мұндай нысандардың болғаны маңызды. Тұрғындар шығындарын азайтады. Әр елді мекенде бір қоғамдық моншадан болуы керек. Ауылдарыңызда өте жақсы нысан пайда болған екен.

Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкер ауыл тұрғындарының игілігі үшін орталық жылыту жүйесін қосқан және суы тартылған үйлер салып жатыр.

КҮЛБАРШЫН ҚУАНДЫҚОВА, ДАЙЫНДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, Аққайың ауданы

– Ауылда өте жақсы жағдай жасалған. Бәрі де бар. Суымыз да, жылуымыз да үйге тартылған. Ауылда монша да, дүкен де, балабақша да бар. Жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденовке рахмет.

Өңір жетекшісінің айтуынша, Дайындық ауылы – қазір облыстағы үлгілі елді-мекендердің бірі. Даму қарқынына қарап жақын арада бұл тізімге Ленинское ауылы да қосылады деп топшылауға болады.

Алдияр Айтпаев