Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі құрылыс алаңдарында болды

Облыс әкімі Петропавлдағы бірнеше құрылыс алаңында болды. Ең алдымен Құмар Ақсақалов Уәлиханов көшесі бойында салынып жатқан көпқабатты үйлермен танысты. Төбесі көк тіреген мынандай 3 ғимаратты жыл соңына дейін халық игілігіне “Основание” серіктестігі тапсырмақ. Қазір мамандар күн-түн демей еңбек етуде.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, “Основание” ЖШС директоры:
– Салып жатқан үйлердің екеуі – 72, ал үшіншісі 126 пәтерлі болады. Қазіргі таңда 2 ғимараттың құрылысы толығымен аяқталды. Соңғы нысанды да биыл тәмамдаймыз.

Бұл үйлер шаһардың “Орталық” ықшам ауданында орналасқан. Аталған ауданда 10 көпқабатты баспана салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 3 нысанның құрылысы аяқталыпты. Жұртшылыққа жақсы мәлім, олар еңкіш тартқан жер үйлердің орнын басты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл ауданда 120 жер үй сүрілді. Қазір олардың орнында бюджеттік баспаналар салынып жатыр. Алдағы уақытта коммерциялық нысандардың құрылысы басталуы мүмкін. Бүгінде түріктік компаниямен 18 қабатты заманауи 8 үйді тұрғызу бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Осы күндері жоба Ыстамбұл қаласында пысықталуда.

Мұнымен шаруа бітпейді. “Орталықта” спорт кешені, балабақша мен жатақхана пайда болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сергей Петрович жетекшілік ететін “Основание” серіктестігі бүгін 11 қабатты 2 үлкен жатақхананың құрылысын бастады. 1200 орынға шақталған қос нысанда жергілікті университеттің студенттері тұрмақ.

Құрылыс саласында үнемі мәселе туындайды. Былтыр материал қымбаттап, күллі ел көлеміндегі компания басшыларын біраз әлекке салды. Қазір ахуал тұрақталыпты. Алдағы уақытта жағдайдың одан әрі жақсаруына Қызылжар ауданында ашылған кірпіш зауыты септігін тигізбек.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, “Основание” ЖШС директоры:
– Сынақтан өткізу үшін жақында зауыттан кірпіш алдық. Зертханада зерттеу жүргізілді. Өнімнің сапасына жақсы деген баға беремін. Алдағы уақытта бұл кәсіпорынмен келісім жасасып, әріптестік орнатамыз деген ойдамын.

Қаламыздың “Қапай” ықшам ауданында да оң өзгеріс орын алады. Мұнда еңкіш тартқан 117 жер үй сүріліп, алдағы 5 жылда 27 көпқабатты баспана салынады.

ЖАНБОЛАТ БАТЫРБЕКОВ, қала әкімінің орынбасары:
– 6 үйді тұрғызу бойынша тиісті конкурс аяқталды. Қазір ескі жер үйлерді сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 12 нысанды сүрдік.

Облыс әкімін алыстан көздері шалды ма әлде келетінін біреу хабарлады ма, атқамінерлер мен журналистер жиналған жерге жергілікті тұрғындар келді. Олардың айтары бар. Татьяна Анисимованың базынасын Құмар Ақсақалов сүрілетін үйінің ауласында тыңдауда жөн көрді. Азаматшаның 80-ші жылы салынған баспанасы 13 млн теңгеге бағаланыпты. Алайда, әлі ақша аударылмаған екен.

ТАТЬЯНА АНИСИМОВА, қала тұрғыны:
– Менің үйім алғаш сүрілген 9 үйдің қатарында болуы қажет еді. Бірақ, әлі жұмыс жүргізілмеді. “Берекеде” 1 баспана көрдік, өзіме ұнады. Ақша аударылмағандықтан оны ала алмай отырмын.

Ешкім назарсыз қалмайды. Облыс әкімі базыналарын арқалаған тұрғындарға мән-жайды бастан аяқ түсіндірді. Биылдың өзінде “Қапайда” 9 үйдің құрылысы басталады. Ал баспаналары сүрілген жандардың барлығына ақша беріледі немесе пәтер ұсынылады. Бұдан кейін Құмар Ақсақалов “Берекеге” барды. Мұнда қызу шару жүріп жатыр. Жыл соңына дейін бірнеше ғимараттың таспасы қиылады. Олардың бірсыпырасының кілті халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын жандарға тапсырылмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі күні “Берекеде” 7 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 3-еуі биыл тапсырылады. Ондағы 120 пәтер көпбалалы аналарға тапсырылады және тағы 120 пәтер жетім балаларға тапсырылады.

Үйлер салынса, халықтың да саны артады. Тиісінше, әлеуметтік маңызы бар нысандар керек. Әсіресе, балабақша қажет. Әйтпесе, бүлдіршендермен орталыққа қатынау оңай шаруа емес.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Балабақша міндетті түрде керек. Жоспарда бар. Жобасын дайындап жатырмыз. Ал осындағы емхананың құрылысы биыл бітпеуі мүмкін.

Облыс әкімі салынып жатқан үйге бас сұқты. Терезеден 300 орынға шақталған болашақ түзету мектебінің орнын көрсетті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бұл жерге ФОК-те керек. Оның жобасы бар. Жері дайын. Құдай қаласа, бұл жұмысты да бастаймыз.

Жалпы, бүгінде өңірде 50 құрылыс алаңында жұмыс жүргізіліп жатыр. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, жыл соңына дейін көрсеткіш 61-ге жетпек.

Байболат Култанов